6 наурызда Қазақстан Халық партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге ҚХП төрағасының орынбасары Наиль Сайфуллин, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Магеррам Магеррамов және аппарат жетекшісі Мирас Әукенов қатысты.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау миссиясының сарапшысы Рашад Ширинов науқан барысына қызығушылық танытты. Ол сайлау күні аталған ұйым мүшелері сайлау учаскелерінің ашылуын, дауыс беру үдерісін, бюллетеньдерді санауды және қорытынды шығаруды бақылайтынын баяндады.
Өз кезегінде партиялықтар сайлауалды үгіт-насихат жұмысы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ партияның үгіт-насихат тобы халықты кеңінен қамтып, заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланып жатқанын және партия өкілдері күн сайын кәсіпорындар мен қоғамдық орындарда, әлеуметтік мекемелерде, қалалар мен ауылдарда ондаған жиын өткізіп жатқанын жеткізді.
Қос тарап сайлау ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді.