ҚХП әйелдер теңдігін қолдайды

Әйелдер қауымы нені қалайды? Дәл осы тақырыпты халықаралық әйелдер мерекесі аясында «Халық микрофоны» хабарына қатысқан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Гаухар Танашева, Найля Аппасова, Балжан Досмұхамбетова, Ольга Березуцкая және Жанат Бастаубаева талқылады.

Көпбалалы ана Гаухар Танашева әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

– Ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырған жандардың өзекті мәселесін біз ғана түсінеміз. Олар бірінші кезекте ұл-қыздарының шаңырақ көтергенін қалайды, – деді Г.Танашева.

Өз кезегінде Найля Аппасова Қазақстан Халық партиясы көпбалалы, жалғызбасты және мүгедек балалардың аналарын қолдайтынын жеткізді.

– Біздің партия көпбалалы отбасыларды қолжетімді баспанамен қамту мәселесін шешуді көздеп отыр, – деді ол.

Шара шеңберінде бизнес тақырыбы да тілге тиек етілді. Студия қонақтары партияның тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге салынатын қосымша құн салығын алып тастау және 5% көлеміндегі бірыңғай айналым салығын енгізу бастамасын қолдады. Олардың пікірінше, бұл тәсіл бухгалтерлік есепті айтарлықтай жеңілдетеді, салық мәселесін шешіп, ел бюджетін еселейді.

Мерекелік хабардың негізгі өзегі гендерлік саясат болған соң спикерлер әйел теңдігін терең қаузады. Ата заңымызда ешкімді жынысы мен нәсіліне қарап кемсітуге болмайтыны айтылған. Алайда қатысушылар сөз бен іс үйлеспей жатқанын жариялады.

– Ер мен әйелдің білімі мен еңбегі бірдей болса да, әйелдердің жалақысы төмен және мансаптық өсу мүмкіндігі аз, – деді олар.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy