Тіркеу сәтті өтті! Қазақстан Халық партиясы Астана қалалық филиалы Аумақтық сайлау комиссиясынан партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттардың куәлігін алды.
Қалалық сайлау комитетінің төрағасы Бақыт Бектемісованың айтуынша, құжат тапсырған 6 партия үміткерінің ішінде ҚХП кандидаттары «алғашқы қарлығаш» болды.
– Тіркеуден өткен алғашқы партия – Қазақстан Халық партиясы, – деп атап өтті ол. – Тізім бойынша 13 адам тіркелген. Жастар мен әйелдердің үлесі 40% - дан асады. Үміткерлер тиісті тексеруден өтті және барлық талапқа сай болды.
ҚХП Астана қалалық филиалының басшысы Нұрдәулет Оразханов атап өткендей, мәслихат депутаттығына кандидаттардың құрамы түрлі салалардың өкілдерінен жасақталды.
– Кандидаттардың қатарында заңгерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, энергетика саласының және мүлік иелері бірлестігінің өкілдері бар. Біз сайлауалды жарыстың бірінші кезеңін аман-есен еңсердік. Біз сайлауға дайындалуды жалғастырамыз, – деді Н.Оразханов.
Естеріңізге салайық, қаңтар айының соңында филиалда XIX кезектен тыс конференция өтті. Жиында кандидаттардың тізімі түзіліп, бекітілді. Мәслихат депутаттығына партиялық тізім бойынша 13, бір мандатты округ бойынша 6 кандидат ұсынылды. Дауыс беру рәсімінен соң тіркеуге қажетті барлық құжаттар аумақтық сайлау комиссиясы мен жергілікті сайлау округтеріне жіберілді. Алда сайлаудың келесі кезеңі – үгіт-насихат науқаны.