10 наурызда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Нұрдәулет Оразханов пен Найля Аппасова елордадағы «KEGOC» АҚ ұжымымен кездесті. Олар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Алдымен спикерлер Халық партиясы Қазақстандағы капитализмнің қалыптасқан жүйесін өзгерту ниетті екенін атап өтті. Мұнан соң партия өкілдері сайлаушылардың еліміздегі кедейшілікті жою мен міндетті медициналық сақтандыруға қатысты сауалдарына жауап берді.
– Халық партиясы қуатты орта тап құру және жұмыссыздықты, кедейшілік пен қайыршылықты жоюды, шетелдік инвесторлармен келісім-шарттарды қайта қарауды, олигархтардың мүлкін тәркілеуді жақтайды, – деді олар.
Кедейлік пен аз жалақы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын төмендетіп қана қоймайды. Олардың дұрыс тамақтануына, емделуіне және балаларына жағдай жасауын шектейді. Бұл өзекті мәселеге айналып отыр.
Қазір халық төменгі табыспен барлық жағдайға үнемділік танытып, күнделікті тұтынуға қажетті заттарды сатып алуға қол жеткізе алмай келеді. Осының салдарынан отандық өндіріс пен ішкі нарықта экономикалық құлдырау байқалды. Ал қазақстандықтар кедейліктің қамытын шешуден бұрын онымен күресуге қауқарсыз.
Осы орайда Халық партиясы Үкіметтен «Кедейлікпен күресу туралы» заң қабылдауды талап етеді. Сонымен қатар партия ең төменгі жалақы 140 мың теңге болуы керек деп есептейді. Сондай-ақ ел аумағында өз азаматтарымыз өндірген тауарлардан, көрсеткен қызметтерден қосымша құн салығын (ҚҚС) алып тастауды және айналымға 5% мөлшерінде бірыңғай салық енгізуді қолдайды. Жиын соңында спикерлер сайлаушыларды 19 наурызда сайлауға келіп Халық партиясына дауыс беруге шақырды.