ҚХП: «Көпбалалы ана» мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс!

Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Гаухар Танашевамен сұхбат ұйымдастырылды. «Халық микрофоны» айдарымен партияның ютуб каналы арқылы таратылған тікелей эфирде көпбалалы отбасылардың түйткілді мәселелері талқыланды. Сұхбатқа еліміздің бірқатар өңірінен алтын құрсақты аналары қатысты.

ҚХП әрдайым әлеуметтік осал топтардың азаматтық құқықтарын қорғап келеді. Бүгінде аталмыш саяси күш көпбалалы аналардың мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс деп дабыл қағуда. Себебі, мұндай мәртебе болмағасын, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден де құралақан қалады.

Бүгінде партия бағдарламасында аналар мәселесіне қатысты бірнеше ұсыныстар айтылып отыр. Ал көпбалалы ана Гаухар Танашева ҚР Парламенті мәжілісіне Халық партиясынан кандидат.

Қоғамдық бірлестіктің бағдарламасында әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау, көпбалалы аналар мен жастарға қолжетімді баспана, атаулы әлеуметтік көмекті жойып, оның орнына балалар жәрдемақысын арттыру жолдары айқындалған. Сонымен қатар, бала туғаны үшін берілетін төлемақылардың мөлшерін ұлғайту, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалары бар аналарға көмек көрсету секілді бірнеше нақты ұсыныстар қамтылған.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі – білім берудің қолжетімділігі. Гаухар Шаймерденқызының айтуынша, қазір көпбалалы отбасылардың басым көпшілігі балаларын оқытуға мүмкіндігі жоқ. Ал оларға білім беру гранттары үшін бәсекелестік өте жоғары. Тіпті, қолжетімсіз.

– Бізде орта, арнайы білім де ақылы, – деп атап өтті Танашева. – Нәтижесінде, жалдамалы тұрғын үйде тұратын ата-аналар пәтер жалдау мен балаға білім беруді таңдауға мәжбүр.

Осы орайда Халық партиясы көпбалалы отбасының бүлдіршіндеріне жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін білім беру қажет деп есептейді. Кәсіпордарда жұмыс жасай отырып, жоғары оқу орындарына түсуді ұйымдастыруға да болады. Бұл жас мамандар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешеді және оларға еңбек өтілін алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, партияластардың пікірінше, жас отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету үшін Ана капиталын қалыптастыру қажет.

– Ана капиталы міндетті түрде керек, – деді Танашева. – Ол көптеген дамыған елдерде енгізілген. Бұл жас отбасылардың аяғынан тұруына мүмкіндік береді. Мұны отбасы үшін материалдық негіз деп айтуға болады.

Сұхбат қорытындысында көпбалалы аналар көрермендерді Қазақстан үшін лайықты болашақ – Халық партиясын таңдауға шақырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy