ҚХП көпбалалы отбасыларға көмек көрсетудің мемлекеттік бағдарламасын ұсынады

19 ақпанда республикалық деңгейде Қазақстан Аналарының Құрылтайы өтті. Қазақстан Халық партиясы мен Қазақстан аналарының бірлестігі бірігіп ұйымдастырған шараға еліміздің түпкір-түпкірінен делегаттар қатысты. Күн тәртібінде көпбалалы, жалғызбасты және ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналардың әлеуметтік мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар ҚХП сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.

Бүгінде партия Қазақстан аналарының бірлестігімен ынтымақтастықта еңбек етіп келеді. Ал бірлестік жетекшісі Гаухар Танашева ҚР Парламенті мәжілісіне Халық партиясынан кандидат.

– Әрине, мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көңіл бөлініп келеді, – деп атап өтті іс-шара барысында ҚХП Төрағасы Ермұхамет Ертісбаев. – Бірақ Халық партиясы көпбалалы отбасыларды қолдаудың қуатты мемлекеттік бағдарламасын қабылдауға ниетті. Себебі, көпбалалы отбасылар – қазақ қоғамының асыл құндылығы.

Жиын барысында үйдің үлкені кәмелетке толғаннан кейін аналар көпбалалы мәртебесінен айырылатыны әділетсіздік деп ашынды көпшілік. Себебі, «Көпбалалы ана» мәртебесі болмағасын, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден де құралақан қалады. Осы орайда Халық партиясы алтын құрсақты аналарымыздың мәртебесін өмір бақи сақтауды талап етіп отыр.

Сонымен қатар жас отбасыларға берілетін ипотекалық жеңілдіктер, ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламалары мен көпбалалы аналарға ұсынылатын мемлекеттік қолдаулар бойынша партияның ұсыныстары сөз болды.

«Сайлауалды бағдарлама қалалар, ауылдардағы көптеген әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде жұмыссыздықты, балабақшалар мен мектептердегі орындардың жетіспеушілігін шешеді», – дейді Төраға.

Халық партиясы қатпар-қатпар құжат жинауға мәжбүрлейтін атаулы әлеуметтік көмектен бас тарту керек деп есептейді. Оның оң шешімі – балалар жәрдемақысының мөлшерін көбейтіп, ең төменгі жалақы яғни, 70 000 теңгеге жеткізу. Партияластардың пайымынша, бала туғаны үшін берілетін төлемдерді де көбейту керек. Тіпті, ол ананың жұмыс істегені, не істемегеніне де байланысты болмауы тиіс. Ал мүгедек балалардың аналары үшін мемлекет тарапынан жалақы белгіленсін дейді Халық партиясы.

– Біз науқас балаға күтім жасаған аналарға ішінара ақылы демалыс енгізуді қолдаймыз, – деп атап өтті Төраға. – Тіпті, жүкті әйелдерге арналған мамандандырылған орталықтар желісін құру қажет. Партия мемлекеттің қолдауымен балаларға спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерде тегін сабақтар өткізуге мүмкіндік беретін «Артспорт» бағдарламасын кеңейтуді және дамытуды ұсынады. Жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін білім алуы қажет, кейіннен кәсіпорындарда міндетті түрде жұмыс істеуі керек. Бұл жас мамандар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешеді және оларға еңбек өтілін алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде зейнетақы мәселесі ашық күйінде қалып отыр. ҚХП әйелдер үшін зейнет жасты 58, ал 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар 55 жаста бейнетінің зейнетін көруі тиіс деп есептейді.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – мүгедек баланы тәрбиелеп отырған аналар жайы. Себебі, жыл сайын ата-ана баласының мүгедектігін үнемі дәлелдеуге мәжбүр. Осы орайда медициналық-әлеуметтік сараптамалардың жұмысын қайта қарастыру керек.

Сонымен қатар, ҚХП мұндай ата-аналарға 12 күнтізбелік күнге созылатын қосымша ақылы демалыс беруді ұсынады. Әрі толық емес отбасыларды лайықты жәрдемақылармен қамтамасыз етіп, қашқын әкелерді алименттен заңсыз жалтаруға жол бермеу керек.

Осы орайда мемлекеттік алимент қорын құру қажет деп есептейді Халық партиясы. Бұл алимент төлеуден жалтару мүмкіндігін болдырмауға көмектеседі. Яғни, мемлекет жалғызбасты аналарға қордан қаржы төлейді. Ал оны аталмыш қор борышкерлер есебінен қайтарып алады.

– Мен жүздеріңізден еліміздің ертеңіне деген алаңдаушылық сезімді байқап отырмын, – деді Ермұхамет Ертісбаев көпбалалы аналарға. – Өз басым партиямыздың жеңісіне кәміл сенемін! 20 наурызда біз жаңа мемлекетте, жаңа қоғамда оянамыз!

Құрылтай барысында осы және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша жүргізілуі тиіс реформалардың жайы талқыланды. Яғни, партияның бағдарламасына сәйкес, «Әр отбасы мемлекеттің қамқорлығында болуы тиіс!».


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy