Республика күні қарсаңында Қазақстан Халық партиясының өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды.
Партия төрағасының орынбасары Наиль Сайфуллинге «Құрмет» ордені табысталды. ҚХП аппаратының басшысы Мирас Аукенов, сондай-ақ партияның Ақмола және Жамбыл облыстық филиалдарының жетекшілері Лариса Луговская мен Жанат Бастаубаева «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.
ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Республика күні – еліміз үшін айтулы және тағдыршешті мереке екенін атап өтті.
«Бұл күні бүкіл халықтың атынан Жоғарғы Кеңестің депутаттары тәуелсіздік негізінде құрылған Қазақстанның экономикалық және саяси егемендігін жариялады. Мемлекет басшысының ұлттық мерекемізді қайтару туралы бастамасы өте дұрыс», – деп атап өтті партия басшысы.
Наил Сайфуллиннің еліміздің энергетика секторындағы еңбек жолы тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен дамуының қиын кезеңіне тап келді. Ол саланың дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Н. Сайфуллин Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде үнемі белсенді болды. Ол ҚХП төрағасының орынбасары ретінде өзін тәжірибелі басшы, сауатты идеолог және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың жақтаушысы ретінде көрсетті.
ҚХП Ақмола облыстық филиалын басқарғанға дейін Лариса Луговская ІІМ жүйесінде 30 жылдан астам еңбек етті. Қазір ол басқарып отырған филиал өңірдің өміріне белсенді қатысады: патриоттық сипаттағы іс-шаралар, экологиялық және қайырымдылық акцияларын өткізеді. Сонымен қатар Луговскаяның басшылығымен ҮЕҰ және полиция департаментімен бірлесіп, нашақорлықтың, алаяқтықтың, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оған қарсы іс-қимыл бойынша науқан жүргізілуде.
Жанат Бастаубаева ҚХП Жамбыл облыстық филиалын бірнеше жылдан бері басқарып келеді. Ұйым әлеуметтік, құқықтық мәселелерді шешу және өмірдің қиын жағдайына тап болған азаматтарға көмек көрсету бойынша маңызды іс атқарып келеді.
Марапаттау рәсімін қорытындылаған Ермұхамет Ертісбаев ҚХП- ның республиканың саяси өміріндегі нәтижелі жұмысы мен елеулі рөлін тілге тиек етіп, партияның басты міндеті – елдің тұрақтылығы мен орнықты дамуын сақтау екенін атап өтті.