ҚХП: Мықтыларға – жұмыс! Мұқтаждарға – қамқорлық!

ҚР Парламенті Мәжілісіне кандидат Зухра Қамбарова Түркістан көпсалалы колледж ұжымымен кездесті.

З.Қамбарова ұжымға Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Біз ең бірінші кезекте «Бай азаматтар – Бай мемлекет! Мықтыларға – жұмыс! Мұқтаждарға – қамқорлық!» ұранын ұстанамыз. Халық партиясының сайлауалды бағдарламасы тұтастай халықтың жарқын болашағын қалыптастыруға бағытталған. Біздің мақсатымыз – елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру, – деді ол.

Ол медицина мен білім саласының сапасы сын көтермейтінін айтты.

– Осы ретте біздің партия балабақшалардан бастап халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуді және тегін білім беруді қолдайды. Себебі, еліміз әлеуметтік мемлекет болғандықтан, жоғарыда аталған қызмет түрлерін билік толық тегін қамтамасыз етуі тиіс. Біз дәрігерлер мен медбикелердің, балабақша тәрбиешілері мен күтушілердің, мұғалімдер мен жаттықтырушылардың мәртебесін көтереміз. Балалардың өмірін құтқаратын және тәрбиелейтін барлық мамандарға лайықты жалақы төленуі тиіс, – деді спикер.

Мұнан өзге ауылдық жерлерді дамыту, ауылшаруашылық саласын реттеу, таза су, жарық, жол мәселесіне қатысты партияның сайлауалды бағдарламасы айтылды. Кездесу соңында З.Қамбарова халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, 19 наурызда өтетін сайлауда Халық партиясын қолдап дауыс беруге шақырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy