Қазақстан Халық партиясы ҚР Орталық сайлау комиссиясына Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін тапсырды. Осылайша еліміздегі саяси партиялардың арасында бірінші болып, Парламентке қарай қадам жасады.
Естеріңізге салайық, 52 адамнан құралған кандидаттардың тізімі партияның XXIII кезектен тыс съезінде бекітілді.
Съезде ҚХП төрағасы Е. Ертісбаев әділ сайлау жағдайында партия сайлаушылардың қолдауымен парламенттің 40-45 мандатына ие болуды көзеп отырғанын мәлімдеді.
Партия төрағасы Парламент Мәжілісіне саяси ұйымның ең үздік, ең лайықты мүшелері кандидат ретінде іріктеліп алынғанын айтты.
– Біздің қатарымызда әртүрлі ұлттар мен әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Ұлттың болашағы мен жұрттың келешегі лайықтыларға ғана сеніп тапсырылуы тиіс, – деді Е.Ертісбаев.
Халық партиясының тізіміне әртүрлі ұлттың өкілдері кірді. Үміткерлердің орташа жасы - 50 жас. Олардың 32,6% -ы әйелдер мен жастар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдар.
– Осындай плюрализм арқылы ғана біз қоғамның барлық өкілдерінің құқықтары мен мүдделерін ескеріп, сақтай аламыз, – деп атап өтті Е. Ертісбаев. – Қоғамда пікір алуандығы неғұрлым көп болса, соғұрлым демократияның бәсі биік болады.
ҚХП төрағасы Орталық сайлау комиссиясына Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін тапсырды.
ҚХП атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсынылған кандидаттардың толық тізімі партияның ресми сайтында жарияланды.