ҚХП отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес әдістерін ұсынады

Қазақстан Халық партиясы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша кездесу өткізді. Оған ҚХП мен Қазақстан Республикасындағы Фридрих Эберт атындағы қордың және «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Әділет жүйесі әлеуметтік қызметінің қызметкері (Ландау қ., Германия) Роланд Хэртель осы саладағы неміс тәжірибесімен бөлісті: жәбірленушіні қалай қорғау керек, болашақта осындай жағдайды болдырмау үшін не істеу керек.

Балалармен етене араласудың маңызы өте зор. Агрессорға айналған адамдардың 95%-ы балалық шағында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандар.

– Балалар агрессия құрбаны немесе куәсі болды», – деді Хэртель. – Адам есейгенде де бала кезде бастан өткерген тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарының зардабын шегеді.

«Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ төрағасы Зүлфия Байсақова агрессорлармен тікелей жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Өкінішке қарай, Қазақстанда оларды тек жазалауға тырысады, ал бұл шешім үнемі өзін-өзі ақтай бермейді.

– Бізге агрессорлармен жұмыс істеу бөлігінде заңнамаға өзгеріс енгізуге барынша күш салу қажет, – деп мәлімдеді ол. – Әр облыста арнайы түзету кеңсесі болуын заңнамалық тұрғыда бекіту керек.

Үкіметтік емес ұйымдарда әдістемелік әзірлеме бар, оны тек заңмен құптау қажет. Бұл идеяны Қазақстан Халық партиясының өкілдері қолдады.

– Мұндай жұмыс өте қажет, – деп атап өтті ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова. – Агрессор көбінесе мінез-құлықтың басқа түрін білмейді, ол бұл стереотипті өзінің отбасынан шығарады. Оған кикілжіңді басқаша шешуге болатынын көрсету керек.

Қазір Парламент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қолданыстағы заңнамаға түзету енгізу мәселесін қарауға әзірленіп жатыр. ҚХП үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, құжатқа енгізу үшін агрессорлармен жұмыс және құқық қорғау органдарының отбасы саласындағы жұмысын үйлестіру мәселелері бойынша ұсыныс әзірледі.

Қазіргі уақытта үйлестіру функциясы прокуратураға жүктелген, алайда әзірше нақты нәтиже жоқ.

– Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық пандемия деңгейіне жетіп отыр, – деді ҚХП төрағасының кеңесшісі Данияр Сабырбаев. – Біз оған қарсы заңнамалық шара қабылдауға ниеттіміз. Егер, Үкімет пен құқық қорғау органдары бұл мәселені одан әрі елемейтін болса, біз мәселені саяси деңгейге көтереміз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halykpartykz

Поделиться: