ҚХП парламенттік сайлауға әзірленуде

Қазақстан Халық партиясы ҚР Президенті сайлауында атқарған үгіт-насихат науқанын қорытындылады. ҚХП Мемлекет басшысы лауазымына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған Халықтық Коалиция құрамында болды. Үміткер сайлаушылардың 81,31% дауысын жинап, сенімді түрде жеңіске жетті.

ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев үгіт-насихат жұмысына қатысқан партия мүшелерін құттықтап, оларға алғыс білдірді.

– Қазақстанның жаңа тарихында тұңғыш рет Халықтық Коалиция құрылды, – деп атап өтті ол. – Оның құрамына 3 парламенттік партия мен жүздеген республикалық қоғамдық бірлестік кірді.

ҚХП Коалицияның жұмысына айтарлықтай жоғары үлес қосты. Сайлау науқанына партия атынан 189 сенімді өкіл қатысты: Орталық аппараттан – 27, аймақтық филиалдардан – 162 адам. Партиялықтар әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ерекше белсенділік танытты. Бір айда олар 20 832 материал жариялады, оның 9 620- сы сенімді тұлғалардың жеке аккаунттарында, 11 212 - сі ҚХП корпоративтік пабликтерінде жарық көрді.

– Біз сайлаушылардың жүрегін жаулап алдық, – деп атап өтті Ертісбаев. – Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген 6,5 миллион дауыс – күшті нәтиже. Бұл жалпыхалықтық қолдаудың көрінісі.

ҚХП төрағасы Мемлекет басшысы ұсынған реформалар халық арасында өте танымал екенін атап өтті.

– Қазір бір әлеуметтік-экономикалық өмір салтынан екіншісіне ауысу мәселесі тұр, – деп атап өтті ол.

Партия келесі жылдың бірінші жартысында өтетін парламенттік сайлауға дайындықты бастап кетті.

– Біз өткен сайлау науқандарынан сабақ алуымыз керек, – деп түсіндірді партияластарына ҚХП төрағасы. – Өңірлік филиалдардың басшылары жағдайды мұқият талдап, электоратпен жұмысты күшейтулері керек.

Бұдан кейін филиал өкілдері ұсыныстарын білдірді. ҚХП Жетісу облыстық филиалының басшысы Сәуле Биғарова әлеуметтік желілердің қоғамға әсері туралы сөз қозғап, осы бағыттағы жұмысты белсенді жалғастыруды ұсынды. ҚХП Атырау облыстық филиалының басшысы Балжан Досмұхамбетова партия өз бақылаушылары мен еріктілерін жаппай даярлап, оқытуы тиіс екенін айтты. ҚХП Қостанай облыстық филиалын басқаратын Андрей Коваль біріккен Коалициядағы жұмыс тәжірибесімен жастармен бөлісу бастамасын көтерді. ҚХП Алматы қалалық филиалының басшысы Күләра Маненова Орталық сайлау комиссиясымен тығыз қарым-қатынас орнатып, етене жұмыс істеу қажеттігіне назар аударды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy