ҚХП ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМІ ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНДА ТІРКЕЛДІ

ҚР Орталық сайлау комиссиясында отырыс өтті. Онда Қазақстан Халық партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидаттарының заң талаптарына сәйкестігін талқылады. Нәтижесінде, партиялық тізім толық құрамда тіркелді.

Халық партиясының кезектен тыс XXIII съезінде бекітілген партиялық тізімге 52 кандидат енген болатын. Оның 32,7% әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар.

Айта кетейік, орталық сайлау комиссиясы алдын-ала тапсырылған құжаттарды Конституция мен «Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес келетіндігін анықтау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдайды.

Белгіленген талаптарға сәйкес, Мәжіліс депутаттығына кандидат соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан азамат болуы және ел аумағында тұрақты тұруы міндет. Әрі ол 25 жасқа толған, пассивті сайлау құқығына ие болуы тиіс. Өтелмеген немесе алынбаған соттылығы мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандар депутаттыққа түсуге тыйым салынады.

Отырыстан кейінгі брифингте сөз сөйлеген ҚХП Төрағасы Ермұхамет Ертісбаев «Сайлау туралы» заңды белінен басып, мерзімінен бұрын үгіт-насихат жұмыстарын бастаған және оны көре отырып көз жұматын бақылау-қадағалау органдарының әрекетсіздігін сынға алды.

– Халық партиясынан басқалары заңды бұзуға әуес, – деді ҚХП басшысы. – Байқауымша, біздің партия ғана заңға бағынады. Мен сайлау науқанын бастау үшін 18 ақпан кешкі 18.00-ді күтемін. Қалғандары қазірден әрекет етуде. Бұған қатысты Бас прокуратураның, өкінішке қарай, Орталық сайлау комиссиясының жауабын естімедік.

ҚХП төрағасы бұл тақырыпта видео жазба жазғанын және оны «Ертісбаев LIVE» жеке youtube-аккаунтына орналастырғанын атап өтті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy