Қазақстан Халық партиясы аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған жеке түзету орталықтарын реттеу тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Жақында Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов құрамына бірқатар мүдделі министрліктердің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, ҮЕҰ және ата-аналар қоғамдастығының өкілдері кіруі тиіс орталықтарды аккредиттеу мәселелері бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды.
– Өкінішке қарай, қазіргі жағдай әркімнің түзету орталықтарын еркін ашуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті мәжілісмен, – ал мұның ақыры соттылығы өтелмеген мамандарды жұмысқа тартуға дейін әкеп соғуда.
ҚХП ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды құқықтық және әлеуметтік қорғауды қолдайды. Осы тұрғыда әлдекімдер қаражаттың көзі үшін оңалту орталықтарын ашып, сапасыз қызметке бой алдырмауы тиіс. Яғни, кәсіпкерлер үшін белгілі бір ереже болуы маңызды. Яғни, талап қандай? – Басты басымдық балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі мәселелері, – деп атап өтті Магеррамов. – Сондай-ақ олардың сапалы оңалту көмегін алуы.
"Da Vinchi" түзету орталығының басшысы Меруерт Байзированың айтуынша, мұндай мекемелердегі кадрлық мәселе әдістемелердің жоқтығымен және кеш берілген диагностикаға тікелей байланысты.
– Өкінішке қарай, оқу орындарымыз бізге қажетті мамандарды даярламайды, – деді ол. – Біз мамандарды өз есебімізден оқытуымызға тура келеді.
Мұндай сырқаты бар балаларға мемлекеттің көмегі тек статистикалық есеп және мүгедектігі бойынша жәрдемақылармен ғана шектеліп отыр. Бірақ қазір жағдайды жақсартуға мүмкіндік туды. ҚР Үкіметі әлеуметтік кодексті әзірлейді және құжат жақын арада Мәжілістің қарауына түсуі тиіс.
– Бізде Қазақстан Халық партиясының ұсыныстары бар, – деді Магеррамов. – Ал жұмыс тобында кодексті талқылау кезінде міндетті түрде қоғамдық ұйымдардың, медициналық қоғамдастықтардың өкілдерін және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды шақырамыз.