ҚХП скандинавтық үлгідегі социализмді қолдайды

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Хаким Көшқалиев пен Тауфик Каримов Шымкентте этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен, кітапханашылармен және колледж студенттерімен кездесті.

Тауфик Каримов Конституцияға сәйкес Қазақстандағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екенін атап өтті. Сондықтан да ол Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің барлық үш тармағы – заң шығарушы, атқарушы және сот билігін қалыптастыруға тікелей қатысуы керек дегенді алға тартты.

– Унитарлы мемлекетте, яғни Қазақстанда бір палаталы Парламент болуы керек. Сондай-ақ Парламентте басқа этностар үшін бөлек квота болмауы қажет. Еліміздің барлық азаматтары ұлтына, жасына, жынысына, дініне, іскерлігіне немесе басқарушы элита өкілдерімен қандай да бір байланысына қарамастан тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуы тиіс, – деді ол.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, Халықтық партия скандинавтық үлгідегі социализмді ұсынады.

– Табиғи байлығы Қазақстаннан анағұрлым төмен Скандинавияның барлық елдері өмір сүру сапасы жоғары мемлекеттердің әлемдік рейтингінде көш бастап тұр, біз жетінші ондыққа кіреміз, – деп атап өтті ол.

Хаким Көшқалиев өз сөзінде Халық партиясы тегін және сапалы білім беру, лайықты еңбек пен жалақы мәселесін көтеріп отырғанын баса айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy