ҚХП теледебатта сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков ұлттық арнаның тікелей эфирінде ұйымдастырылған саяси партиялардың пікірсайысына қатысты.

Сайлау бюллетеніндегі реттілікке сәйкес 4-ші болып сөз алған спикер Қазақстан халқына партияның «Ел үшін! Жер үшін! Билік – халыққа!» деген сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстырды.

Ол Қазақстан Халық партиясы нақты идеологиясы бар жалғыз партия екенін атап көрсетіп, саяси ұйым ел азаматтарына халық билігін қайтаруды көздейтінін жеткізді.

– Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасы «Билік – халыққа! Бай азаматтар – бай мемлекет! Әр отбасы – мемлекеттің қамқорлығында!» деген 3 бөлімнен тұрады. Біздің мақсатымыз – елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру! Формуламыз – Әділ Президент - Ықпалды Парламент - Халықтық Үкімет, – деді А. Асылбеков. Төрағаның орынбасары Халық партиясы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін кедейшілікпен күресу, қандастарды қолдау, салық реформасын жүргізу, аграрлық саланы жандандыру, ел азаматтарының құқығын қорғау және тұрғын үй мәселесін шешу қажет деп санайтынын мәлімдеді.

А.Асылбековтің айтуынша, қандастарға қатысты өзекті мәселелерді уақыт оздырмай шешіп, халықтың тұрмысын жақсарту қажет.

– Қазақстанда 3 млн кедей және қайыршы адам бар. 8 млн адам кредиттен бас көтере алмай отыр.Біз Кедейлікпен күрес туралы заң қабылдауды талап етеміз! Қысқа уақытта оларды кедейліктен құтқарамыз және қайыршылықты жоямыз! Біз ұсынып отырған салық реформасынан кейін Қазақстанда қуатты орта тап қалыптасады! – деді А. Асылбеков.

Партия төрағасының орынбасары экранның ар жағындағы миллиондаған көрермен мен сайлаушыға Халық партиясы ана мен баланың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, жұмысшылардың жағдайын жақсартатынын жеткізді.

– Біз жаңа Еңбек Кодексін қабылдаймыз! Жәрдемақыны әр балаға 13 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін өсіреміз. Ал төменгі жалақыны 70 мыңнан 140 мың теңгеге дейін жеткіземіз. Әйелдердің 58 жаста зейнетке шығуын талап етеміз! Жас Отауға мемлекет тарапынан уақытша пәтер бөлінуі тиіс! Ипотека 3%-дан аспауы керек! Әр бала дүниеге келгенде ипотеканың 25%-ын мемлекет төлеуі тиіс! Көпбалалы аналарға ауылдық жерде тегін баспана беру қажет! – деді А. Асылбеков.

Партия төрағасының орынбасары жарыссөзде бәсекелес партияның өкіліне өткір сұрақ қойды. Бұдан кейін сайлаушыларға үндеу жолдады.

– Біз ауыр, зиянды және қауіпті өндірістерде еңбек ететін жұмысшылардың 50-55 жаста зейнетке шығуын талап етіп отырмыз! Отандастарымызға медицина және білім тегін болуы керек. Көпбалалы аналар мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс! Әр балаға берілетін жәрдемақы 70 мың теңге болуы керек! Біз коллекторлық бизнеске тыйым салуды талап етеміз! Экономикалық салада салық реформасын жүргізіп, кедейлікке қарсы заң қабылдау! Әр азаматқа қаладан 10 сотық, ауылда 25 сотық жер телімін беруді ұсынамыз! ауылдық жерлерде жер – онда жұмыс істейтін адамға ғана берілуі тиіс! Латифундистер жерді тек жалға алады! Осындай түбегейлі өзгерістерді қаласаңыз 19-шы наурызда Халық партиясын таңдаңыз! – деп қорытты сөзін А. Асылбеков.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy