Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Мәжіліс депутаттығына кандидаттарын ұсынған бәсекелес партиялардың өкілдерімен пікірталастыру үшін республикалық КТК арнасы ұйымдастырған теледебатқа қатысты.
Алғашқы айналымда Е.Ертісбаев ҚХП елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құруды көздейтінін, бұл үшін скандинавиялық социализм идеясын жүзеге асыруға күш жұмсайтынын мәлімдеді.
– Халық жаңғыруды, жаңаруды талап етіп отыр, – деді ҚХП төрағасы.
Жарыссөзде бәсекелес партиялардың өкілдері бір-біріне сұрақ қойды. Осы сәтте «Ақ жол» партиясының өкілі ҚХП отандық бизнестің мүддесін қорғамайды деген пікірді алға тартты.
– Кәсіпкерлердің бір ғана қалауы бар: ол – билік мазаларын алмауы. Оларға бұдан басқа ешнәрсе қажет емес, – деді Е.Ертісбаев. – Кәсіпкерлерге әкімдер мен соттарды сайлау маңызды емес, «рейдерліктен» жапа шекпеу, ешкімге пара бермеу маңызды.
Ал «Respublika» партиясының кандидаты Халық партиясы сайлаушылар ықыласына бөленеді дегенге күмән келтірді.
– Бәріне уақыт таразы. Сіз байлам жасауға асықпаңыз. 19 наурызды күтеміз, – деді Е.Ертісбаев. – Бұл жолы халық қателеспейді, тура жолды таңдайды.
ЖСДП өкілі партияның қатарында саны жастар аз екенін тілге тиек етті. Әйткенмен: – Саяси тәжірибесі мол маманға сеніңіз, – деді Халық партиясының басшысы: – Шынайы саясатта ерлердің, әйелдердің немесе жастардың саны маңызды емес.
Соңғы кезеңде спикерлер сайлаушыларға үндеу жолдады.
– Құрметті отандастар, қай партияға дауыс берсеңіз де, ерік өздеріңізде. Тіпті, бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген жауап та бар. Бастысы, сайлауға қатысыңыз, өз даусыңызды ұрлатпаңыз, – деді Е.Ертісбаев.
Еске салайық, ҚР Парламенті Мәжілісі мен өңірлік мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өтеді.