Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Ольга Березуцкая Қостанайдағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің ұжымына сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
– Халық партиясы жалдамалы жұмысшылардың, қызметкерлердің әлеуметтік құқығын қорғайды. Біз қуатты орта тап қалыптастыруды жақтаймыз. Біз Мәжілісте металлургтер мен кеншілердің мәселелерін бір емес, бірнеше рет көтердік, – деді О. Березуцкая.
Оның айтуынша, Халық партиясы ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерді 50-55 жаста зейнетке шығаруды талап етеді. Елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болу керек. Халық партиясы социализмді жақтайды. Әрбір тұрғын лайықты өмір сүру үшін тегін медицина мен білімге қол жеткізуі тиіс.
Қазір 3 млн. қазақстандық кедейшілікте өмір сүруде. Партия ең төменгі жалақы мөлшерін 140 мың теңгеге жеткізу қажет деп санайды. Әрбір отбасының құрамын ескере отырып, азық-түлікке, денсаулық сақтауға, коммуналдық қызметке, білімге, автожолдарға нақты шығын мөлшерінде салық салынбайтын және алым алынбайтын ең төменгі күнкөріс деңгейін енгізу керек. Халық партиясы жынысына, нәсіліне, этносына және дініне қарамай, Қазақстанның барлық азаматтарының құқықтары мен мүмкіндіктері тең болуы тиіс деп санайды.
– Біз әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, азаматтардың мүмкіндігін шектеуге жол бермейміз, – деді ол.