Қазақстан Халық партиясы фракциясы салықтық рулинг мәселесіне арналған кезекті дөңгелек үстел өткізді. Бұл жолы оны салық заңнамасын түсінікті қолдануға мүмкіндік беретін тиімді жүйе ретінде талқылады. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері, кәсіпкерлер және сарапшылар қатысты.
Көптеген елдерде салықтық рулинг бұрыннан қалыптасқан, түсінікті де қолайлы құрал ретінде жұмыс істейді. Қазақстанда бұл жаңа әрі әлі кең тарамаған ұғым. Салық органының ресми түсіндірмесіне сәйкес, ол кәсіп иелеріне жоспарланған мәміле бойынша өз құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ туындайтын салық жүктемесін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов талқылау модераторы ретінде, салықтық рулинг жүйесін енгізу бизнес қауымдастығын қолдауда маңызды қадам болуы қажет екенін атап өтті.

– Бұл тетік белгілі бір операцияларға салық нормалары қалай қолданылатынын алдын ала түсінуге көмектеседі. Сол арқылы кәсіпкерлер үшін белгісіздік пен тәуекелді азайтады, – деді депутат.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салық органдарының қызметі мен әкімшілік кедергілерді азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

– Барлық нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, кеше ғана Әділет министрлігінде тіркелді. Ережелерде көптеген операциялық мәселелер қамтылған. Егер бизнеске қолайсыз тұстары болса, салалық ұйымдарды тарта отырып қайта қараймыз, - деді ол.
«Legalman» заң кеңесшілер палатасы төрағасының кеңесшісі Михаил Надточий салықтық рулингті енгізуге кедергі болып тұрған жайттар туралы айтты. Оның пікірінше, жүйе ыңғайлы және салық төлеушілердің 99 пайызын қамти алғанымен, басты тосқауыл – шенеуніктер арасында қалыптасқан стереотиптер.

– Олар берген әрбір ресми жауап үшін жауапкершілік бар екенін біледі. Сондықтан нақты түсіндірме беруден қашады. Ал салықтық рулинг – дамыған салық әкімшілендіруінің белгісі, – деді ол.
Талқылау барысында кәсіпкерлердің көлеңкелі бизнеске кетуіне түрткі болатын кейбір жағдайлар да айтылды. ҚХП депутаты Ирина Смирнова жекеменшік мектептердің ахуалына тоқталып, мемлекет өз міндетін орындамағанын, соның салдарынан адал жұмыс істеп отырған білім беру ұйымдары қиындыққа тап болғанын айтты.

– Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерге бөлінуі тиіс мемлекеттік тапсырыс қаражатын уақытында аудармаған. Ал мектептердің өз міндеттері – жалақы, салық, басқа да төлемдер – бар. Бұл – мемлекет тарапынан жасалған әділетсіздік, – деді депутат.
Жиын соңында Магеррам Магеррамов өткізілген талқылаудың маңызына тоқталды.
– Мұндай кездесулер өте қажет. Олар нақты ұсыныстар әзірлеуге және ел дамуына бағытталған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – деді ол.
@halyk_partiyasy