
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзі қоғамда қызу талқылануда. Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық жағдайына қатысты бірқатар мәселелерге ерекше көңіл бөліп, ұлттық мүддені қорғауға, жалпы ішкі өнімді арттыруға, сонымен қатар инфляциямен күресуге бағытталған экономиканы нығайтуға қатысты нақты жоспар түзуді тапсырды.
Жиында Қазақстан басшысы Үкіметтің назарын экономикалық өсімді азаматтардың табысын арттырумен және өмір сапасын жақсартумен байланыстыру қажет екеніне аударды.
– Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс.
Бағаның өсуі – ел үшін өте өзекті мәселе. Өңірлерде сайлаушылармен кездескенде дәл осы тақырып жиі талқыланады. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов айтты.
– Соңғы бірнеше жылда қазақстандықтарға жасалған инфляциялық қысымның қарқыны басылмай тұр, – деді мәжілісмен.
ҚХП бұған дейін Мәжілістің мінберінен инфляциямен күресте жүйелі тәсіл қолдану маңызды екенін бірнеше рет мәлімдеді. Бұл мәселеге партия бірнеше депутаттық сауал арнады.
– Біздің фракция осы құбылыспен күресуге нақты шара ұсынды, – деді М. Магеррамов. – Оның ішінде мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін объективті талдау және кейбір шығыстарды қысқарту, сондай-ақ Еңбек кодексіне жұмыс берушіге жылына кемінде бір рет қызметкерлердің жалақысын ең төменгі жалақы көлемінен төмен емес деңгейде индекстеу міндетін енгізу мәселелері болды. Бағаны бақылау, бюджет тәртібі және шығыстардың тиімділігі біздің басты міндетімізге айналуы тиіс.
@halyk_partiyasy