Инклюзивті психология

dep.jpg

t.me/mazhilis_kz

Мектеп оқушыларына, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік осал санаттағы басқа да азаматтарға психологиялық көмек қалай көрсетіледі? Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын талқылау барысында көтерді.

Құжатта психологтардың мемлекеттік тізілімін енгізу және оны электрондық форматта жүргізу тәртібі қарастырылған. Сонымен қатар, тіркеуге жататын психологтардың санаттары айқындалып, мәліметтердің ашықтығы мен оларды уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру мәселелері бекітілген.

Қазақстан Халық партиясының депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан мектеп психологтары осы тізілімге енгізіле ме деген сұрақ қойды.

– Психологиялық көмек көрсету стандарттары жаңартылатын болады, – деп нақтылады Мәжіліс депутаты әрі омбудсмен. – Жаңа стандарттар аясында психологиялық көмекке мұқтаж мүгедектігі бар адамдардың құқықтары қалай қорғалады?

Баяндамашы, депутат Айна Мысыралимова мектеп психологтары мемлекеттік тізілімге автоматты түрде енгізілетінін хабарлады.

– Олардың біліктілігі, дипломдары және басқа да қажетті деректері бар, – деп атап өтті А. Мысыралимова.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов стандарттар мен білім беру бағдарламалары да жаңартылатынын айтты.

– Біз барлық бағдарламаларға инклюзия талаптарын енгіздік, – деді вице-министр. – Заң жобасы қабылданғаннан кейін, осы талаптарға сәйкес барлық бағдарламалар қайта қаралатын болады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy