Судың да сұрауы бар!

dep.jpg

әлеуметтік желіден

Су – немқұрайлықтың немесе ескірген шешімдердің салдарынан ысырап етуге болатын ресурс емес. Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат, Мәжілістің экология және табиғатты пайдалану комитетінің өкілі Кенжеғұл Сейтжан осылай деп санайды.

Бұған дейін мәжілісмен Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда Қазақстанға тозығы жеткен сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ су шығынын анықтайтын онлайн-бақылау жүйесін енгізу қажет екенін атап өткен болатын.

Бұл маңызды мәселе, сондықтан мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналуы тиіс. Бұлай болмаса, мемлекет еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.

Мұндай мәлімдемеге азаматтардың суды тиімсіз пайдалануға қатысты өтініші негіз болды.

– Мәселе шіріген, ескірген құбырлар және цифрландырудың жоқтығын туындап отыр, – деп түсіндірді Кенжеғұл Сейтжан. – Біз суды үнемдеу туралы айтып жатқанда оның едәуір бөлігі ескірген инфрақұрылым арқылы жерге сіңуде. Ал нақты деректер мен ашық бақылау жүйесі болмаса, кез келген шара тек уақытша сипатта болады.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы су құбырлары инфрақұрылымының басым бөлігі ондаған жылдар бұрын салынған немесе Кеңес Одағынан мұра болып қалған. Көптеген құбырлар тозған, олардың өзекті техникалық құжаттамасы мен толыққанды цифрлық есебі жоқ. Әсіресе, қалаларда жерасты коммуникацияларының толық цифрлық картасының болмауы және судың ағуын онлайн бақылау жүйелерінің тек ішінара енгізілуі алаңдаушылық туғызады.

– Іс жүзінде парадоксалды жағдай қалыптасып отыр, – деді К.Сейтжан депутаттық сауалында. – Азаматтар мен кәсіпкерлер есептегіш құрал орнатып, суды үнемдеп жатқанда, мемлекеттің тозған әрі цифрландырылмаған желілерінде судың айтарлықтай көлемі жоғалуда. Су үнемдеу тек азаматтың асүйінен ғана емес, мемлекеттің құбырынан басталуы керек!


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy