Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата бәсекелестік мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылауда. Құжатты Парламент депутаттары бастамашылық етіп, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларын іске асыру аясында әзірлеген. Бұл тапсырмалар экономиканы демонополиялау мен отандық бизнесті қолдауға бағытталған.
Заң жобасы монополияға қарсы заңнаманы құқықтық реттеу мәселелерін қамтиды. Ұсынылып отырған түзетулер нарықты ашық әрі әділ етуге, тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметовтың айтуынша, тұтынушыларға монополияға қарсы істер мен өзге де құқық бұзушылықтар бойынша қаражатты қайтаруға мүмкіндік беретін ұжымдық талап-арыздарды енгізу ұсынылып отыр. Бұл мәселе жеке талқылауға себеп болды.
Қоғамдық палата өкілі, сарапшы Наталья Малярчук бұл нормалар заң жобасында құқықтық қайшылықтар тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл антимонополиялық органның айрықша құзыретін бұзады.
– Бұл параллель юрисдикция қалыптастырып, мемлекеттік функцияларды қайталайды, заңнаманың жүйелілік қағидатына қайшы келеді, – деді сарапшы.
Ал Астана қаласындағы «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Томпиев ұжымдық талаптарды енгізуді қолдады. Оның айтуынша, қазіргі жүйе тұтынушылар құқықтарының жаппай бұзылуын іс жүзінде жазаламайды. Яғни, бұл механизм кәсіпкерлерге қарсы емес, жазасыздыққа қарсы бағытталған, сондықтан адал бизнеске алаңдаудың қажеті жоқ.
– Жеке келтірілген зиян аз болған жағдайда, азаматтар үшін сотқа жүгіну экономикалық тұрғыдан тиімсіз, ал жиынтық шығын көлемі айтарлықтай болуы мүмкін. Ал бизнес ешқандай шығынға ұшырамайды, – деді ол. – Ұжымдық талаптар осы теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді: тұтынушыларды біртұтас тарапқа біріктіріп, бұзылған құқықтарды нақты қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
Қоғамдық палата мүшесі, ҚХП депутаты Ирина Смирнова қазіргі таңда ұжымдық талаптарды беру мүмкіндіктері (мысалы, тек құрылыс, денсаулық сақтау салаларында) жеткіліксіз екенін атап өтті.
– Басқа салаларда, мысалы авиацияда, мұндай талаптар мүлде берілмеген. Мұндай жағдайда жеке талап арыз беру тұтынушы үшін өте қымбатқа түседі, – деді депутат. – Бір адамның монополист компанияға қарсы шығуы көп жағдайда жеңіспен аяқталмайды.
И. Смирнованың пікірінше, егер бүгінде бәсекелестіктің әділ болуы және бизнестің жауапкершілігін арттыру мәселесі көтерілсе, онда тұтынушыларға бірігіп, келтірілген шығынды өтеу туралы талап қоюға мүмкіндік беру қажет.
– Әрине, бизнес бұған үзілді-кесілді қарсы, – деді депутат. – Оларды қазіргі жағдай толық қанағаттандырады, бұл түсінікті.
Қазіргі уақытта депутаттар тобы барлық салаларда шектеусіз ұжымдық талап қою мүмкіндігін енгізуді ұсынып отыр. Алайда талқылау барысында бизнес мүддесін қорғап отырғандар да бар екені байқалды.
– Алдағы уақытта кім жеңетінін көреміз, – деп түйіндеді Ирина Смирнова. – Мен ақылға қонымды шешім жеңеді деп үміттенемін. Және Конституцияда бекітілген әділдік, заң және құқықтық тәртіп қағидаттары басшылыққа алынады.
@halyk_partiyasy