Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Депутаттар құжатты қарау барысында «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Ветеринария туралы» заңдарға да өзгерістер енгізді. Түзетулер жергілікті органдардың жануарлар санын реттеу, панажайларды қолдау және жануарларды жаңа иелеріне беру жөніндегі әлеуметтік жарнаманы дамыту бағытындағы өкілеттіктерін нақтылайды.
Алайда бірқатар жаңашылдықтар сұрақтар туғызды. Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова жануарларды аулау қызметіне қойылатын ветеринариялық мәртебе талабын алып тастағаннан кейін, бұл жұмысты кім жүзеге асыратынын және жануарларға зиян келтіру, қатыгездік көрсету, қате эвтаназия жасау, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кім жауап беретінін сұрады.
– Қолданыстағы заңға сәйкес жануарларды аулау мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар арқылы жүзеге асырылып келді, бұл кәсіби жауапкершілік пен ветеринариялық бақылауды қамтамасыз ететін, – деп түсіндірді И. Смирнова. – Қазіргі ұсыныста «ветеринариялық» деген сөзді алып тастау көзделіп отыр, бұл аулау қызметінде тиісті құзыреттіліктің болуы жөніндегі міндетті талапты іс жүзінде жояды.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, қазіргі таңда мұндай қызметтердің 90%-ы барлық өңірлерде мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жүзеге асырылады, ал олардың шамамен 50%-ын жеке заңды тұлғалар орындайды. Бұл ұйымдар ұлттық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуге міндетті және бұл мәселе бақылауда болады.
– Бұл – жануарларды аулау, стерилизациялау және вакцинациялау қызметтері, – деді ол. – Конкурс өтпеген жағдайда, қызмет бір көзден, яғни ветеринариялық станциялардан сатып алынады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы өз кезегінде түзетулердің жалпы мақсаты ветеринариялық қызметті оған тән емес функциялардан босату екенін атап өтті.
– Ветеринариялық қызметтер өздерінің негізгі бейіндік міндеттеріне шоғырлана алады, – деп түсіндірді Е. Кенжеханұлы. – Бұл – аурулардың алдын алу, диагностика және оларды жою. Сондай-ақ елдегі ветеринариялық қауіпсіздікті және эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
@halyk_partiyasy