
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Конституциялық реформа жөніндегі комиссия (Конституциялық комиссия) құру туралы» жарлыққа қол қойды. Комиссия барлық ұсыныстар мен ұсынымдарды зерделеп, жүйелейді. Осыдан кейін еліміздің Конституциясына енгізілетін нақты түзетулердің жобасы әзірленеді. Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай өкілдері, танымал құқықтанушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мәслихат төрағалары, өңірлік Қоғамдық кеңестердің өкілдері және басқа да тұлғалардан құралған 120 адам енді. Олардың ішінде Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов та бар.
М.Магеррамовтың пікірінше, мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру арқылы елді жаңғыртуға бағытталған реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға деген өзінің тұрақты ұстанымын көрсетті.
– Реформалардың ауқымы елдің ұзақ жылдарға арналған жаңа келбетін айқындайды және оның негізгі идеологиялық қағидаттарының көрінісі болып табылады, – деді мәжілісмен. – Конституциялық реформа – елдің саяси жаңғыруындағы шешуші кезең. Ортақ күш-жігердің арқасында біз демократиялық реформалар үдерісін қоғамның түбегейлі сұранысына сай нығайтып, теңгерімді ете алатынымызға сенемін.
Сонымен қатар депутат қазақстандықтардың санасын кезең-кезеңімен жаңғырту үдерісі қазірдің өзінде жүріп жатқанын атап өтті.
– Біз демократияға үйреніп жатырмыз, пікірталас жүргізуді, бір-бірімізге шындықты айтуды меңгерудеміз, – деді М. Магеррамов. – Бұл бағытта қазақстандық қоғам айтарлықтай алға жылжыды. Қазір ешкім бұрын құлаққа тосын естілетін көзқарастан қорықпайды, ешкім даулы тақырыптан жалтармайды.
ҚХП фракциясы жетекшісінің айтуынша, пікірлердің, ұсыныстардың және эмоциялардың алуан түрлілігі әлеуметтік желілерде де, Парламентке жолданатын өтініштерде де көрініс табуда.
– Енді бұл Конституциялық реформаны талқылауға қатысу барысында да, жалпы қоғамдық өмірде де белсенді түрде байқалатын болады, – деп түйіндеді ол.
@halyk_partiyasy