Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Астанада сайлаушылармен өткізген жұмыс кездесулері аясында «СтальЦинк» компаниясына барды. Аталған кәсіпорын жол және көпір қоршауларын өндіру саласында алдыңғы қатарда, сондай-ақ Қазақстанда металл конструкцияларын ыстықтай мырыштау қызметі бойынша көшбасшы саналады.
Іссапар барысында мәжілісмен өңдеуші өнеркәсіп ел экономикасын әртараптандырудың берік негізіне айнала алатынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өңдеуші өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келгенін айтқан болатын. Заң шығарушы орган өкілдері ретінде біздің міндетіміз – өңірлердегі нақты жағдайды зерделеу, кәсіпкерлердің пікірін тыңдау, бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған түйткілдерді анықтау және саланы қолдауға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруда мемлекет жұмысының үйлесімді болуын қамтамасыз ету, – деді Магеррамов.
Кәсіпорын басшылығы мен жұмысшыларымен өткен кездесуде өндірістік қауіпсіздік, салықтық реттеу және отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар өнімді өткізу, қазақстандық өндірушілердің ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы, ұлттық жобалардағы отандық қамту үлесі, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ қауіпсіздік талаптары мен техникалық регламенттерге сай келмейтін өнімдердің елге әкелінуінің алдын алу жайы талқыланды.

– Осындай кәсіпорындардың тәжірибесін жан-жақты зерделеу арқылы еліміздегі өнеркәсіптің өсіп-өркендеуіне негіз болатын басты факторларды анықтай аламыз, – деп түйіндеді Магеррамов.
@halyk_partiyasy