
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте цифрландыруды белсенді қолдануды ұсынды. Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы цифрландыруды маңызды міндет деп белгіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, былтыр республикалық бюджеттің 40%-ға жуығы әлеуметтік салаға бағытталғанына қарамастан, оның тиімділігіне қатысты сұрақ туындады. Мақсатсыз шығыстармен күресу үшін Президент әлеуметтік қолдау шараларының объективтілігі мен дәлдігін қамтамасыз ететін үй шаруашылықтарының цифрлық әлеуметтік профильдерін қалыптастыруды, сондай-ақ барлық әлеуметтік қолдауды банк және төлем инфрақұрылымымен тығыз байланысқан «Әлеуметтік әмиян» арқылы беру тетігін енгізуді ұсынды.
– Сонымен қатар әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасын әлеуметтік қолдау шараларын басқарудың негізгі инфрақұрылымы ретінде анықтау қажет, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың жұмысында жауапкершілік, кәсібилік және жан-жақты ойластырылған тәсіл болуы тиіс деген көзқарасын толық қолдайды.
– Мемлекеттік саясаттың негізінде адам мен оның өмірінің сапасы тұруы тиіс, – деді мәжілісмен әрі омбудсмен. – Мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топтар үшін бұл тек әлеуметтік төлем ғана емес, қолжетімді орта, білім, медицина, цифрлық қызмет және нақты еңбекке орналастыру мүмкіндігі дегенді білдіреді.
К. Сейтжан Президентттің формализм мен тиімсіз шығыстарға жол берілмеуі керек деген сөзімен толық келіседі.
– Әлеуметтік салада бұл тікелей адамдардың тағдырына әсер етеді, – деп атап өтті депутат. – Яғни, оларға қызмет алу, оңалтудан өту, жұмысқа орналасу және қоғам өміріне толық қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Кенжеғұл Сейтжан мүгедектерге арналған қолжетімді инфрақұрылымды барлық өңірлерде дамытуға, мүгедектер мен әлеуметтік осал топтарға арналған еңбек бағдарламасының аясын кеңейтуге, әлеуметтік және оңалту қызметінің сапасын арттыруға және мүгедек азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына ықпал етуге атсалысуын жалғастыра беретінін жеткізді.
– Тек осындай жүйелі және жауапты тәсіл арқылы ғана біз Президент айтқан инклюзивті және әділетті қоғам құра аламыз, – деді депутат.
@halyk_partiyasy