Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты – Қасым-Жомарт Тоқаев

dep.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне сұхбат берді. Президент сұхбат барысында 2025 жылды қорытындылап, болашақ жоспарлары туралы айтты, сондай-ақ жеке өміріне қатысты жайттарды да бөлісті. Әдетте Мемлекет басшысы мұндай тақырыптарды көп қозғай бермейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатты басылым ұжымына, сондай-ақ өзге де бұқаралық ақпарат құралдарына объективті жұмысы үшін алғыс айтудан бастады және әлеуметтік желілерді сынға алды. Ол қазақстандықтар тек жаңалық қуып, видеоконтент қараумен шектелмей, мағыналы, мазмұнды ақпаратты бағаласа екен деген тілегін білдірді.

– Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын. Көптеген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі, олар адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғылым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ, - деді Президент.

Өткен жылдың қорытындыларына тоқталған Тоқаев ел үшін маңызды оқиғалардың аз болмағанын атап өтті. Олардың қатарында оң да, теріс те процестер бар: бір жағынан – экономиканың өсуі, екінші жағынан – инфляцияның құбылуы. Қысқасы, әлеуметтік-экономикалық негізді нығайту тұрғысынан Үкімет пен әкімдерге атқаратын жұмыс әлі де жеткілікті.

– Дей тұрғанмен, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қоғамда қызу пікірталас тудырған маңызды реформалардың бірі – жаңа Салық кодексі болды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл құжат қазақстандықтардың жемқорлыққа төзімсіздігін қалыптастыруға ықпал етеді, себебі адал салық төлеушілер өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін қаламайды.

– Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз, - деді Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Қазақстан экономикасының құрылымы тым баяу өзгеріп жатқанын, ішіндегі диспропорцияларды шұғыл түрде түзету қажет екенін атап өтті. Проблемалы салалардың қатарында энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалсы бар. Бұл салаларда жұмыс істеу қағидаттарын өзгерту керек.

Ондаған жылдар бойы терең экономикалық мәселелер жабулы күйінде қалып, қала мен ауыл инфрақұрылымы тозды, энергетикалық нысандар мен коммуналдық желілер әбден ескірді. ТҮКШ саласын тек инвестициялар ғана құтқара алады, демек оны инвестициялық тұрғыдан тартымды ету қажет. Ал бұрынғы тәсілдер өзін ақтамады.

– Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті, - деп атап өтті Президент.

Аграрлық секторда да жүйелі мәселелер бар. Бірақ мұнда жағдай өзгеше: салаға мемлекеттен қомақты қаржы бөлінеді, ал оның қайтарымы мардымсыз.

– Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады, - деді Мемлекет басшысы.

Отандық туризмге деген көзқарас та мемлекет, бизнес және қоғам тарапынан қайта қаралуы тиіс. Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ.

– Дегенмен, «басымызға күл шашудың» қажеті жоқ. Егер әлемдік таблоидтар Қазақстанға баруға кеңес беріп жатса, демек күш-жігерді екі есе арттыру керек, - деді Мемлекет басшысы.

Сұхбатта Президент заманауи жоғары технологияларға да ерекше назар аударды. Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан цифрлық державаға айналуы тиіс, бұл – жаңа технологиялық дәуірдегі елдің өмір сүру мәселесі. Осыған байланысты 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жылы болып жарияланды.

– Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін, – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Сенімді энергия көзі болмаса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын түсінуіміз керек. Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы.

– Бірнеше атом стансасын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр стансасын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом стансаларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн, - деді Тоқаев.

Тағы бір өзекті тақырып – Қаңтар оқиғасы және оған қатысқандардың тағдыры. Бұл мәселеде Президенттің ұстанымы соңғы үш жылда өзгерген жоқ.

– Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек, - деді Президент.

2022 жылғы қаңтар оқиғасының тарихи салдарының бірі – ел ішіндегі олигополиялармен және олигархтардың заңсыз баюымен күрестің күшеюі болды. Бұл жерде заң баршаға бірдей, соның ішінде қоғамдық пікірді манипуляциялап, шетелде өзін «саяси режимнің құрбаны» етіп көрсететін, «инвестор» кейпін сомдаған жосықсыз «кәсіпкерлерге» де қатысты.

– Заңсыз активтерді қайтару арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру – бұл конъюнктура да, саяси пиар да емес, мемлекеттің принципті ұстанымы. Мұнда ешқандай индульгенция да, жасырын келісімдер де болмайды, - деді Президент.

Қазақстанның сыртқы саясатын талқылау барысында Тоқаев былтыр өткізілген көптеген келіссөздердің артында экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, халықаралық саяси өзара іс-қимыл секілді түйінді мәселелер тұрғанын айтты. Бұл бағытта Қазақстанның бейтарап ұстанымы да, Президенттің жеке позициясының беріктігі де белгілі әрі жоғары бағаланады.

– Халықаралық дау-дамайларда ара ағайын болатын ешқандай ойым жоқ, сондай-ақ бірқатар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ жабық кеңестер мен пікірталастарға қатысамын, оның үстіне бірқатар мемлекет басшылары менің пікірімді білгісі келеді. Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың еш қажеттігі жоқ, себебі популизмнен аулақпын. Бұл ұстанымым жабық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтетінін еске салды. Алдағы Конституциялық реформа елдің саяси жаңғыруында шешуші рөл атқарады.

– Биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады. Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғамымыздың болмысы мен бет-бей¬несін түбегейлі өзгертуге тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатының толық мәтінін мына сілтемеге өтіп, оқи аласыздар: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy