
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелеріне арналған отырыс өтті. Соңғы үш жылда Комитет Энергетика министрлігімен бірлесіп, «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» және басқа да ірі жобалардың сатып алуларында импортты алмастыруды арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.Кезекте осы салада жұмыс істейтін басқа да мұнай-газ компаниялары тұр.
Өткен жылы мәжілісмендер қазақстандық ұйымдардың «PetroMining» қауымдастығымен бірлесіп, отандық мұнай компанияларындағы жергілікті қамтуды дамыту мәселелерін талқылады. Осы жұмыстың жалғасы ретінде бүгінгі отырысқа қытайлық инвесторлардың қатысуымен жұмыс істейтін компаниялардың басшылары шақырылды: «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Бузачи Оперейтинг ЛТД» КФ және «Матен Петролеум» АҚ.
Талқылау барысында депутаттар отандық мұнай компанияларындағы жергілікті қамтуды дамыту мәселелеріне қатысты өзекті сұрақтарды көтерді. Мәжілісмендер компания өкілдеріне алынған пайданың қанша пайызы Қазақстан экономикасына қайта инвестицияланатыны, тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде делдалдық схемаларды болдырмау бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны, сондай-ақ мұнай-газ секторы жобаларында отандық өндірушілерді қолдау және олардың қатысуын кеңейту үшін қандай нақты орта мерзімді шаралар жоспарланып отырғаны жөнінде сұрақ қойды.
Тәжірибе көрсеткендей, нарықтың барлық қатысушылары импортты алмастыруға ұмтылмайды және қазақстандық жеткізушілермен жұмыс істеуге құлшынбайды.
– Мазмұнды әңгіме болды, – деп қорытындылады Қазақстан Халық партиясының депутаты, Комитет өкілі Кенжеғұл Сейтжан. – Біз қазақстандық өндірушілердің тауарларының үлесі, сатып алулардың ашықтығы және отандық бизнесті қолдаудың нақты тетіктері туралы сөз қозғадық.
Мәжілісменнің айтуынша, талқылау тек ірі жобаларға ғана емес, еліміздегі барлық компаниялар мен жеткізушілердің қатысуын кеңейтуге қатысты болды.
– Бұл жұмыспен қамтуға, өңірлердің дамуына және экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер етеді, – деп түсіндірді К.Сейтжан. – Осы бағыттағы жұмыс бейінді мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп атқарылады.
@halyk_partiyasy