Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті Түркістан облысында көшпелі отырыс өткізді. Оның жұмысына мәжілісмендермен қатар ауыл шаруашылығы министрлігінің, салалық қоғамдық бірлестіктердің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
– Отырыс барысында көкөніс шаруашылығы мен суармалы егіншілік саласындағы өзекті мәселелер талқыланды, – деді Мәжіліске ҚХП атынан сайланған депутат, комитет мүшесі Ислам Сұңқар.
Түркістан облысы ел аумағында көкөніс пен жеміс өндіру бойынша көшбасшылардың бірі саналады. Мұнда жүзімнің - 76%-ы, бақша дақылдарының - 64%-ы, жемістің - 40%-ы және көкөністің - 25%-ы өседі. Облыс аумағының төрттен бірін суармалы жер құрайды. Мұнда 2 миллионнан астам адам өмір сүреді.
Отырысқа қатысушылар аграрлық саланың қазіргі жай-күйін талқылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көкөніс базаларының жетіспеушілігіне, субсидия алу кезіндегі әкімшілік кедергілерге, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне және жоғары өндірістік шығын кезіндегі өнімді қайта өңдеудің төмен үлесіне шағымданды.
– Кездесуде жасалған ұсыныстар алдағы Үкімет сағатының ұсынымдар жобасына енгізіледі, – деді депутат. Айта кетейік сапар барысында Ислам Сұңқар Түркістан қаласындағы.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттерімен жеке кездесу өткізді. Депутат жастардың сұрақтарына жауап беріп, Парламенттің қызметі мен Қазақстан Халық партиясының бағдарламасы туралы айтты.