Цифрландыру және инклюзия

dep.jpg

Цифрлық дамудың қарқыны артып келе жатқан тұста аналогтық технологияларды пайдаланатын адамдар шетте қалмай ма? Мәжілістің пленарлық отырысында бұл мәселені ҚХП депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан «Цифрлық кодекс» жобасын талқылау кезінде көтерді.

Аталған кодекс цифрлық экономиканы дамытуға және цифрлық кеңістікте азаматтардың құқығын қорғауға арналған тиімді құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ, цифрлық ортаны баршаға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қолжетімді ету мақсаты да қарастырылған.

– Иә, цифрлық технологиялардың қажет екені анық. Бірақ осы кодекс негізінде енгізілетін жаңалықтар аналогтық құрылғыларды пайдаланатын адамдарды шектемей ме? Біз мүгедектігі бар азаматтар ақпаратқа қол жеткізе алмай қалуы мүмкін деп алаңдаймыз. Себебі электрондық үкімет жүйесіндегі немесе басқа да цифрлық шешімдердің көбі оларға қолайсыз болуы ықтимал, – деді Кенжеғұл Сейтжан.

Депутат-омбудсмен әлі күнге дейін көптеген мүмкіндігі шектеулі және жасы үлкен адамдар қолданатын батырмасы бар телефондарды мысалға келтірді.

Ал ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, Цифрлық кодексте цифрлық хабарлама, цифрлық растау сияқты ұғымдар қарастырылған және оларды ескі үлгідегі телефондар арқылы да алуға мүмкіндік бар.

– Сенсорсыз, яғни батырмасы бар телефондар арқылы да мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Соның ішінде проактивті қызметтер де бар. Бүгінде 45 проактивті мемлекеттік қызметті батырмасы бар телефон арқылы алу мүмкіндігі жасалған, – деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy