
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы ақпараттық сайтын іске қосты. Ресурс қазақстандықтарға ұсынылып отырған конституцииялық өзгерістердің мазмұнымен танысуға мүмкіндік беретін түсінікті әрі қолжетімді ақпарат алаңы ретінде әзірленді.
Сайттың мекенжайы – www.referendum2026.kz. Мұнда Конституция жобасының мәтіні, сараптамалық материалдар және Конституцияға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға берілген жауаптар жарияланған. Сондай-ақ Коалиция жұмысы туралы жаңалықтар бөлімі және ресми тұлғалардың сөздері жарияланған медиа-файлдар бар. Бұдан бөлек басты бетте шешуші күнге дейін қанша уақыт қалғанын көрсететін кері санақ таймері орналастырылған.
– Бұл ресурс азаматтарға ұсынылып отырған өзгерістерді түсінуге және дауыс беру алдында негізгі сұрақтарға жауап алуға көмектесетін қолжетімді ақпарат көзі ретінде құрылды, – деп атап өтті сайт авторлары.
Бұған дейін республиканың саяси партиялары мен қоғамдық бірлестіктері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» бірыңғай жалпыұлттық коалициясын құрған болатын. Бірлестікті Ерлан Қошанов басқарады. Жалпыұлттық коалицияның мақсаты – Конституциялық реформаны жүзеге асыру.
Коалиция құрамына Қазақстан Халық партиясы да кірді. Алғашқы отырыста сөз сөйлеген ҚХП фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, мәжілісмен Магеррам Магеррамов жобаға енгізілген өзгерістердің әлеуметтік бағытын, құжаттың партияның саясатымен үндестігін және онда әлеуметтік әділеттіліктің негізгі нормалары бекітілгенін ерекше атап өтті.
– Ел тағдыры шешілетін шынайы тарихи кезеңде Қазақстан Халық партиясы оқиғалардың бел ортасында болады, маңызды үдерістерге белсенді қатысады, – деді Магеррам Магеррамов. – Біз бірлескен күш-жігер арқылы жаңа Конституцияның әлеуетін мемлекетіміздің өркендеуі жолында жүзеге асырамыз деп сенемін!
@halyk_partiyasy