Конституция негіздері білім беру жүйесінде

dep.jpg

t.me/aqorda_resmi

Үкімет жаңа Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл жоспар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Премьер-Министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға оны іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Үкімет басшысы елімізде Конституциядағы барлық жаңашылдықтарды түсіндіру бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оған сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысуда.

– Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағыттағы жоспарлы жұмысты жалғастыруы қажет, – деп тапсырды Олжас Бектенов. – Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға арналған кешенді бағдарламаны уақытылы әзірлеуді, сондай-ақ Конституция ережелерін мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуі тиіс.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов бұл бастаманы белсенді түрде қолдайды.

– Жалпы, менің ойымша, құқықтық сауаттылық – бұл түрлі алыпсатарлықтарға тосқауыл болатын маңызды құрал. Олар шынайы жағдайды бұрмалауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталады, – деді мәжіліс депутаты. – Құқықтық білімі бар адам әрдайым шындық пен жалғанды ажырата алады.

Қазақстан Халық партиясы бұған дейін мектептерде, жоғары оқу орындарында және басқа да білім беру мекемелерінде құқықтық сауаттылық курстарын енгізуді бірнеше рет ұсынған болатын. «Заң мен Тәртіп» қағидатын негіз етіп алған мемлекет үшін бұл аса маңызды.

– Меніңше, азаматтардың басым көпшілігі бұл қағидаттың жай ғана ұран емес, заңдылықты нығайтудың маңызды тетігі екенін толық түсінеді, – деп атап өтті М. Магеррамов. – Осы қағидатты іске асырудағы басты міндет – қылмыс пен басқа да құқық бұзушылықтарға қарсы күресте заңдардың барлық мүмкіндігін пайдалану. Сонда еліміздің кез келген өңіріндегі азаматтар мемлекет тарапынан өз қауіпсіздігі мен тыныштығы қорғалатынын сезінеді және бірде-бір құқық бұзушы жауапкершіліктен жалтармайтынына сенімді болады.

ҚХП фракциясы басшысының айтуынша, «Заң мен Тәртіп» қағидаты құқық қорғау және өзге де органдардың жауапкершілігін арттыруды, сот төрелігінің демократиялық қағидаттарын сақтауды, азаматтардың заң алдындағы теңдігін және мемлекет пен әрбір азаматтың мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін өзге де кепілдіктерді қамтиды.

– Берік заңдылық пен саналы қоғамдық тәртіп – Әділетті Қазақстанның ажырамас бөлігі! – деп түйіндеді мәжіліс депутаты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy