Кооперативтер пирамидаға қарсы

dep.jpg

t.me/mazhilis_kz

Парламент Мәжілісінде «Ашық экономика: қаржы пирамидаларына қарсы күрестегі кооперативтердің рөлі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Іс-шараны «Кооперативтер туралы» заң жобасы бойынша бірлескен жұмыс аясында Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы парламентаризм институтымен бірлесіп ұйымдастырды.

ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, заң жобасы қазіргі қоғамның шындығына барынша бейімделген. Атап айтқанда, жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция ел дамуының жаңа бағдарын белгілейді. Сәйкесінше, мемлекет барлық нысандағы меншікті таниды, кепілдендіреді және тең дәрежеде қорғайды.

– Мұндай жағдайда кооперативтердің дамуы мен кеңеюі ерекше маңызға ие болады, – деді мәжілісмен. – Біз кооперативтердің ел экономикасының тұрақты дамуына және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосуына ұмтыламыз.

Дөңгелек үстел барысында қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша заңнаманы жетілдіру мәселесі талқыланды. ҚХП алға ілгерілеткен ұстаным қарапайым: әділеттілік сөзбен емес, жүйеде жұмыс істеуі керек. Бұл идеяны ҚХП депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан қолдайтынын айтты.

– Бейресми әңгіме өткір, бірақ шынайы болды. Бұл адамдарды қорғау туралы сөз болғанда қажет, –деді К. Сейтжан. – Нәтижесінде талқылау нақты практикалық шешіммен ұштасып, алда атқарылатын жұмыс кәсіби деңгейде пысықталды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy