Көпбалалы ана мәртебесін өмір бойы сақтау қажет

Қазақстан Халық партиясының депутаты Гаухар Танашева қоғамдық қабылдау өткізді. Ел азаматтары партияның сайлауалды бағдарламасында басымдық берілген көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау және әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету мәселелерін көтерді.

Көпбалалы және жалғызбасты аналар депутат Гаухар Танашеваның атаулы әлеуметтік көмекті алып тастап, ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындау қажет деген бастамасын қолдайтындарын мәлімдеді.

– Бұл мәселе барлық аналарды толғандырады, – деп атап өтті кездесуге қатысушылар. – Біз халық депутаты мен Халық партиясының бастамасын қолдаймыз.

Ең бастысы бұл бастаманы атқарушы билік қолдап, оң шешім қабылдауы тиіс. Осылай болғанда әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балалардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беріледі. Қоғамдық қабылдау барысында көпбалалы ана мәртебесін өмір бойы сақтау мәселесі талқыланды.

– Бүгін белсенді әрі бастамашыл аналар келді, – деді депутат Г.Танашева. – Келуге ниет білдірген аналардың қарасы көп. Жақын арада олармен кездесу ұйымдастырамыз деп үміттенеміз. Бұл олардың митингке немесе пикетке шыққанынан жақсы деп білеміз. Бізге халық пен билік арасындағы диалог қажет. Біз осыған қол жеткізуге тырысамыз.

Қоғамдық қабылдауда әйелдердің зейнет жасын төмендету мен зейнетақысын ұлғайту мәселесі де тілге тиек болды. Азаматтардың сөзінше, «Күміс жас» бағдарламасы сияқты Үкімет ұсынған бағдарламалар мәселені түбегейлі шешпейді.

Айта кетейік, таяу болашақта Қазақстан Халық партиясы осы мәселені талқылау үшін дөңгелек үстел ұйымдастыруды жоспарлап отыр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy