«Көпбалалы отбасы» мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс

dep.jpg ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында «Көпбалалы отбасы» мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс екенін мәлімдеді.

– Қазақстан Халық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында 4 және одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асырап алған көпбалалы ананың мәртебесін өмір бойы сақтау қажет деп санайды. Қазір көпбалалы отбасының үлкен баласы кәмелетке толғаннан кейін көпбалалы аналар мәртебеcінен айырылады, – деді депутат.

Г. Танашеваның түсіндіруінше, көпбалалы отбасыларды қолдай отырып, біз еліміздің болашағына өлшеусіз үлес қосамыз және оның қауіпсіздігі мен өркендеуін қамтамасыз етеміз.

– Көпбалалы отбасылар қоғамда маңызды орынға ие. Олар халық санының өсуіне ықпал етеді, – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар болашақ Отан қорғаушылар. Олар шекарамызды кірпік қақпай күзетеді.

– Қазіргі уақытта біздің елімізде көпбалалы отбасылардың саны 530 мыңнан асады. Оның ішінде 7-ден астам баласы бар 63 мың отбасы, 6-дан астам баласы бар 145 мың отбасы. Еліміздегі балалардың жалпы саны шамамен 6,5 млн. Оның жартысы көпбалалы отбасылардан шыққан балалар – деді депутат.

Г. Танашева «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының заңында «Көпбалалы отбасы» мәртебесі өмір бойы деп белгіленсе, 4 және одан көп баласы бар ата-аналарға балалардың жасына қарамастан көпбалалыларға берілетін жәрдемақы кенже бала кәмелетке толғанға дейін төленсе олқылықтың орны толатынын алға тартты.

Қазір көпбалалы отбасылардың үлкен баласы кәмелетке немесе студент балалалары 23 жасқа толғаннан кейін көпбалалы отбасы өзінің мәртебесінен айырылады.

– Біз Үкіметті осы бастаманы қолдауға және «Көпбалалы отбасы» мәртебесін өмір бойы сақтауға қатысты шін қажетті шараларды қабылдауға шақырамыз. Бұл отбасы мен балаларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудегі маңызды қадам болады, – деді депутат.

4 және одан көп бала тәрбиелеген аналардың зейнет жасты төмендету маңызды мәселе.

– 4 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әйелдердің зейнет жасын 53 жасқа дейін төмендету қажет. Қазіргі заңнамаға сәйкес, 5 немесе одан көп бала туып/асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жасында зейнетке шығады. Бұған қоса баланы 8 жасқа дейін тәрбиелеу міндеттемесін алып тастауды қарастыруды сұраймыз, – деді мәжілісмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy