Парламент Мәжілісі депутатыңына кандидат Гаухар Танашева Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті. Спикер Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, көпбалалы аналар мәселесіне кеңінен тоқталды.
Партия өкілінің өзі көпбалалы ана. Сондықтан әйелдердің жанайқайын жақсы біледі.
– Мен «Қазақстан аналар бірлестігі» қорының жетекшісімін. Негізгі мамандығым – дәрігер кардиолог. Ал өмірде көпбалалы анамын. Сондықтан ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған және жалғысбасты аналардың мәселесін жақсы түсінемін, – деді ол.
Сондай-ақ, спикердің айтуынша, Халық партиясы Үкіметке ауылдық жерлерде көпбалалы отбасылар үшін тегін тұрғын үй салудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді талап етеді. Бұл қадам қалалардағы көптеген әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде жұмыссыздықты, балабақшалар мен мектептердегі орындардың жетіспеушілігін шешеді.
– Біздің партия атаулы әлеуметтік көмекті жою және әр балаға ең төменгі жалақы 70 000 теңге көлемінде төлеуді жақтайды. Қазір бұл көрсеткіш әр балаға айына небәрі 13 826 теңге, – деді спикер.
Гаухар Шаймерденқызы мемлекет көпбалалы отбасылардың балалары жоғары оқу орындарына тегін түсіп, олар тегін жатақханамен қамтамасыз етілуі тиіс деп есептейді. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі балалары бар және жалғызбасты аналар үшін арнайы жалақы белгіленуі керек деген ұсыныстар айтты.