Көпбалалы отбасыларға тегін баспана беру керек

ҚХП Шымкент қалалық филиал төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Баймырза Омаров «Шымкентмай» АҚ ұжымымен кездесті.

Партия өкілі серіктестік жұмысшыларына Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Халық партиясы балабақшалардан бастап халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуді және тегін білім беруді қолдайды. Сондай-ақ, біз дәрігерлер мен медбикелердің, балабақша тәрбиешілері мен күтушілердің, мұғалімдер мен жаттықтырушылардың мәртебесін көтереміз. Балалардың өмірін құтқаратын және тәрбиелейтін барлық мамандарға лайықты жалақы төленуі қажет, – деді Б.Омаров.

Сонымен қатар ол мемлекет 1-3 бала тәрбиелеп отырған аналар үшін – қолжетімді баспана, ал көпбалалы аналарға – тегін баспана беруі керек деді. Бұл ұсыныс партияның сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген.

– Халық партиясы ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерлерде көпбалалы отбасылар үшін тегін тұрғын үй салудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынады. Бұл қадам қалалардағы көптеген әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде жұмыссыздықты, балабақшалар мен мектептердегі орындардың жетіспеушілігін шешеді, – деді ол.

Кездесу барысында жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. Жиын соңында Баймырза Омаров шымкенттіктерді Халық партиясына дауыс беруге шақырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy