ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Шымкент қаласындағы «Әл-Фараби» академиялық мектеп ұжымымен кездесті.
– ҚХП партиясы бірінші кезекте Халықтық Үкімет құру қажет деп есептейді. Біздің мақсатымыз: елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру! Бүгінде елімізде 3 млн-ға жуық азамат кедейліктің кебін киіп отыр. Біз мемлекетіміздің жарқын болашағын қалыптастыруды бүгіннен бастауымыз керек. Халықтың қалауы жаңа Қазақстан құру, – деді спикер.
А.Асылбеков әділетті Қазақстан құрудың негізгі тетіктерінің бірі әкімдерді сайлау, Мәжіліс құрамына республикалық бюджеттің атқарылуын тексеру өкілеттігі бар Аудиторлық палата енгізу екенін айтты.
– Біз еңбек нарығында әділ ереже белгілеу үшін Кәсіпкерлік кодексін қайта қарауды қолдаймыз. Халық партиясы жалдамалы жұмысшылардың шағымдары бойынша кәсіпорындарды тексергені үшін Еңбек инспекторларына айыппұл салуды доғару керек деп есептейді. Біз – салық салу, несиелеу, әлеуметтік стандарттардағы есептік көрсеткіштер туралы норманы енгізуді қолдаймыз, – деді Асхат Асылбеков.
Мұнан соң кандидат «Барыс» базарына барды. Онда халықпен кездесіп, көпбалалы аналар мен жастар тақырыбында әңгіме өрбітті.
– Халық партиясы 1-3 бала тәрбиелеп отырған аналар үшін қолжетімді, ал көпбалалы аналарға – тегін баспана беру қажет деп есептейді. Сондай-ақ ипотека беру шарттарын қайта қарау керек. Біз жастарға арналған жеке мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды талап етеміз. Ол үшін үш талап бар.
Бірінші – тұрғын үй алаңы 40 шаршы метрден 78 шаршы метрге дейін болуы керек, екінші – тұрғын үй кілтін мемлекет ас үй сөрелерімен, кір жуғыш машинасымен, пешпен қамтамасыз етілгеннен кейін тапсыру, үшінші – тұрғын үйлерге іргелес аумақ балалар алаңдарымен, автотұрақ орындарымен жабдықталуы тиіс, – деді ол.
Кездесу соңында Шымкент жұрты спикерге көкейіндегі сауалдарын қойды және сайлауда Халық партиясын қолдап дауыс беретіндерін айтты.