Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат, ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Атырау қаласындағы шағын кәсіпкерлермен кездесті.
Спикер қаладағы «Дина» және «Мұрагер» базарының ұжымына Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
– Біз еңбек нарығында әділ ереже белгілеу үшін Кәсіпкерлік кодексті қайта қарау керек деп санаймыз. Осы ретте Халық партиясы жалдамалы жұмысшылардың шағымдары бойынша кәсіпорындарды тексергені үшін Еңбек инспекторларына айыппұл салуды доғару керек деп есептейді. Біз – салық салу, несиелеу, әлеуметтік стандарттардағы есептік көрсеткіштер туралы норманы енгізуді қолдаймыз, – деді Асхат Асылбеков.
Сондай-ақ партия өкілі медицина мен білім саласындағы түйткілдерді айтты.
– Біздің партия балабақшалардан бастап халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуді және тегін білім беруді қолдайды. Біз дәрігерлер мен медбикелердің, балабақша тәрбиешілері мен күтушілердің, мұғалімдер мен жаттықтырушылардың мәртебесін көтереміз. Балалардың өмірін құтқаратын және тәрбиелейтін барлық мамандарға лайықты жалақы төленіп, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалуы тиіс, – деді ол.
Кездесуде Асхат Асылбеков агрорлық саланың да кемшін тұсын тілге тиек етті. «Жекеменшікке берілген жер аграрлық секторды жетекші салаға айналдыра алмады. Осының салдарынан қарапайым халық жайылымнан айырылып, жұмыссыз жұрт ауылдарды тастап кете бастады» – деді.
Кейіннен спикер «Насиха» ЖШС ұжымымен кездесіп, еліміздегі әлеуметтік ахуалды баяндады. Ол халықты қажытқан несиенің салдарынан қазақстандықтар кедейшілікте өмір сүріп отырғанын жеткізді.
– Халық партиясы бірінші кезекте Халықтық Үкімет құру қажет деп есептейді. Біздің мақсатымыз: елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру! Бүгінде елімізде 3 млн-ға жуық азамат кедейліктің кебін киіп отыр. Біз мемлекетіміздің жарқын болашағын қалыптастыруды бүгіннен бастауымыз керек. Халықтың қалауы жаңа, әділетті Қазақстанды құру, – деді спикер.
Кездесу соңында сайлаушылар спикерге көкейіндегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.