«HALYQ-KOMPAS» – болашаққа бағдар

Қазақстан Халық партиясы «HALYQ-KOMPAS» атты жаңа стратегиялық жобаны іске қосты. Жоба білім беру саласындағы ақпараттық теңсіздікті азайтуға және жастардың мамандықты саналы түрде таңдауына жағдай жасауға бағытталған. Осы бастама аясындағы алғашқы көшпелі кәсіби бағдар беру іс-шарасы жуырда Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының орталығы – Қазығұрт ауылында өтті. Іс-шараға жоғары сынып оқушылары, олардың ата-аналары мен ұстаздар қатысты.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, «HALYQ-KOMPAS» – жай ғана кеңес беру алаңы емес, талапкерлер мен олардың ата-аналарына арналған жан-жақты әрі жүйелі бағыт-бағдар көрсететін навигациялық жоба.

– Жобаның басты мақсаты – жоғары оқу орындарына түсу үдерісінде білікті қолдау көрсету және сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту. Бұл – өзін халық мүддесін жүйелі түрде қорғайтын жетекші әлеуметтік-саяси күш ретінде танытқан Қазақстан Халық партиясының негізгі міндеттерінің бірі, – деді партия өкілдері.

1

Кездесу барысында Қазақстан Халық партиясы Орталық аппаратының талдау бөлімінің қызметкері Насихат Смайл кәсіби бағдарға қатысты оқыту және түсіндіру жұмыстары жүргізді. Ол қатысушыларды еңбек нарығындағы заманауи талаптармен таныстырып, жоғары және арнаулы оқу орындарына түсу мүмкіндіктері, сондай-ақ мемлекеттік білім беру бағдарламаларына қатысу шарттары жөнінде жан-жақты ақпарат берді

– Бұл кездесу жастардың болашақ мамандығын айқындау жолындағы нақты әрі маңызды қадам болды, іс-шара қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды, – деп түйіндеді Насихат Смайл.

Айта кету керек, «HALYQ-KOMPAS» жобасы республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Алдағы уақытта еліміздің түрлі өңірлерінде осындай кәсіби бағдар беру кездесулерін өткізу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде барынша көп оқушы мен ата-анаға сенімді ақпарат алып, кәсіби бағыт-бағдар түзуге және болашақта табысты мансап құруға нақты мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy