Көшпелі медициналық көмектің маңызы зор

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында мобильді медициналық госпиталь құру, түзету және оңалту қызметтерінің көлемін қысқарту, сондай-ақ түзету орталықтарының жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне арналған сараптамалық кездесу өткізді.

Талқылауға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері және медицина саласының мамандары қатысты. Мобильді медициналық госпиталь – модульдік типтегі жылжымалы госпиталь. Ол инфрақұрылым жоқ жағдайда көшпелі медициналық көмек көрсетуге арналған. Мұндай модульдер көбінесе әскери-дала немесе құтқару қызметтерімен байланысты болғанымен, бейбіт өмірде де пайдасы мол.

Мәселен, шалғайдағы ауылдық аумақтардың тұрғындарына медициналық қызмет көрсету кезінде маңызы зор. Бұл госпитальдар автономды жұмыс істейді, қысқа мерзім ішінде бір орыннан екінші орынға көшіріледі және әртүрлі климаттық жағдай қызмет көрсетеді.

– Мұндай мобильді медициналық госпиталь құру – дер кезінде көтерілген және маңызды бастама деп есептеймін, – деді ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов. – Бұл шалғай елді мекендердің тұрғындарына жедел көмек көрсетуге және қолданыстағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан мобильді госпитальдар жобасын азаматтық қорғау және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға енгізу бастамасын қолдайды.

– Бұл – өмір, медицинаның қолжетімділігі және өңірлер теңдігі мәселесі, – деп түйіндеді мәжілісмен әрі омбудсмен. – Шұғыл медицина күтуге уақыт жоқ жерге жетуі тиіс. Адамдардың қауіпсіздігі – қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде қамтамасыз етілуі тиіс!

ҚХП парламенттік фракциясы осы бағыттағы жұмысты жалғастырады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy