Қазақстан Халық партиясы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалардың мәселесін көтерді. Өкінішке қарай Қазақстанда мұндай мекемелердің жеке ғимараты мен үй-жайы жоқ. Олар жалға алынған ғимараттарда тұруға және жиі көшуге мәжбүр. Бұл оқырмандарға қызмет көрсетуге кері әсер етеді.
ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжан атап өткендей, Алматыдағы «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ қызметін 3000-ға жуық оқырман пайдаланады. Жарты ғасырдан бері жұмыс істейтін кітапхана өзіне тиесілі үй-жайы жоқ болуының салдарынан «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ үй-жайын жалға алуға мәжбүр болып отыр.
– Шетелдік грант арқылы кітапхана қазақ тілін DAGZBERRY арнайы компьютерлік бағдарламасына енгізіп, бедерлі-нүктелі Брайль шрифтімен басылған кітаптар шығарды, – деді К. Сейітжан.
Кітапхана ғимаратты жалға алып отырғандықтан, басылатын кітаптың көлемін ұлғайта алмайды, өйткені баспахананың мүмкіндігі жетпейді. Ал еліміздегі зағип және нашар көретін балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттар мен инклюзивті мектептер қазақ тіліндегі әдебиеттерге зәру.
Қазіргі уақытта кітапхана қорында Брайль қарпінмен және аудиокітап түрінде басылған 258593 кітап бар. Кітапхананың қаланың бір ауданынан екіншісіне жиі көшуі бірегей әдеби қордың және басқа да құнды мүліктің бұзылуына немесе ішінара жоғалуына әкеледі.
– Кітапхана жалға алынған ғимаратта орналасқандықтан мұнда жөндеу жұмысы жүргізілмеген, – деп атап өтті К.Сейітжан. – Кітапхананы қаланың шалғай аудандарына көшіру оқырмандар санын азайтады. Республикамыздың Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында облыстық және Семей мен Шымкентте қалалық мамандандырылған кітапхана ғимараты жоқ. Олар ғимаратты жалға алып отыр. Ұлытау, Алматы, Түркістан облыстарында мамандандырылған кітапхана мүлдем болмаған.
Мамандандырылған кітапханалар мүгедектерге түрлі ақпаратпен танысуға, білім алуға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
ҚХП фракциясының депутаттары барлық зағип және нашар көретін оқырмандардың атынан Үкіметтен кітапханаларға арналған үй-жайларды толық сатып алу және оларды мемлекет балансына беру жөнінде түбегейлі шешім қабылдауды сұрады.