Медианалық мән

dep.jpg

Фото әлеуметтік желіден

Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін 85 мыңнан 150 мың теңгеге дейін көтеру жоспарлануда. Бұл туралы жуырда БАҚ-қа Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин мәлімдеді.

Журналистер алдында сөз сөйлеген А.Амрин көптеген елдерде ең төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақының 50%-ын құрайтынын атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – жақын уақытта ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу, – деді вице-министр.

Алайда ол бұл қашан жүзеге асатынын нақтылай алмады. Себебі шешім көптеген факторларға байланысты.

– Бұл өте күрделі, кешенді мәселе, – деп түсіндірді Азамат Амрин. – Барлығы бюджеттің мүмкіндігіне байланысты. Биыл біз кіріс қалай қалыптасатынын қараймыз. Егер оң динамика сақталса, онда мұны жүзеге асыруға қаржылық мүмкіндік пайда болады.

Есептеу әдістемесі Қазақстан жақында ратификациялаған Халықаралық еңбек ұйымының №131 «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы (дамушы елдерді ерекше ескере отырып)» Конвенциясымен байланысты. Соған сәйкес ұйым ең төменгі жалақыны елдегі медианалық жалақының 50% деңгейінде белгілеуді ұсынады. Бұл бастаманы бірнеше жылдан бері Қазақстан Халық партиясы көтеріп келген. Партия өкілдері VII шақырылымнан бастап осы құжатты ратификациялау және ЕТЖ есептеу әдістемесін қайта қарау қажеттігін бірнеше рет ұсынған. Бұл жалдамалы жұмысшыларды жалақыны негізсіз төмендететін жұмыс берушілерден қорғап, «жұмыс істейтін кедейлік» мәселесін шешуге ықпал етуі тиіс еді. Аталған Конвенцияны ратификациялау тармағы партияның сайлауалды бағдарламасына да енгізілген болатын.

– Әрине, ең төменгі жалақыны осындай тәсілмен өзгерту қажеттігі туралы айтыла бастауы – үлкен прогресс, – деді парламенттегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаты Ирина Смирнова. – Егер бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі айтып жатса, демек үдеріс басталды деген сөз.

Конвенция ратификацияланып, құқықтық-нормативтік базаға енгізілді. Енді оны іс жүзінде жүзеге асыру ғана қалды.

Депутаттың пікірінше, бұл шешім халықтың сатып алу қабілетін арттырып, жалақы мен ЕТЖ-ға байланысты төлемдердің өсуіне әкеледі. Статистика бойынша, Қазақстанда шамамен 1 миллион адам ең төменгі жалақы алады.

– Сонымен қатар осының аясында бағаның өсіп кетпеуін де ескеру қажет, – деп нақтылады Ирина Смирнова. – Қазір барлық тәуекел есептеліп, талдануда. Басқа елдер мұны жүзеге асыра алды ғой. Демек, біз де жасай аламыз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy