Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажет

Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеріп, еңбек жағдайын жақсарту қажет деп санайды Қазақстан Халық партиясы.

ҚХП депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, дәрігерлердің осы санаты көрсететін қызмет аясы кең. Психологтар пациенттерді қабылдайды, балалар суицидінің алдын алу бойынша сабақ өткізеді, созылмалы ауруы бар науқастарға өзін-өзі басқаруды үйретеді және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру қызметін атқарады. Әлеуметтік қызметкерлер науқастарды қабылдаумен қатар медициналық-әлеуметтік тексеруді ұйымдастырады сондай-ақ науқастың отбасы мүшелеріне үйде медициналық көмек көрсетуді меңгертеді. Олар жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге кеңес беріп, туберкулез бен онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастар мен мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, міндет ауқымы өте кең.

– Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге міндетін мінсіз атқару үшін жоғары кәсібилікпен қатар қызметіне біржола берілу қажет, – деді Магеррамов. – Өкінішке қарай, емхана басшылығы тарапынан тиісті қолдау болмаса, жоғарыдағы қызметті сапалы орындау неғайбыл.

Мұндай мамандардың жалақысы – 95 мың теңге, оның 80 мыңы ғана қолға беріледі. Қосымша төлем мөлшері 10 мың теңгені құрайды. Осының салдарынан кадрлардың тұрақсыздығы мен тапшылығы туындайды.

– Емхана басшылығы жалақыны көрсетілген мөлшерден жоғары белгілеуден бас тартады, өйткені бұл Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарында көзделмеген, – деп түсіндірді ҚХП депутаты.

Бұған дейін денсаулық сақтау саласы мамандарының белгілі бір санаттары, оның ішінде психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге ерекше психоэмоционалды және зиянды жағдайда жұмыс істегені үшін үстемеақы енгізу ұсынылды. Алайд бұл бастама қолдау таппады.

– Әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар «басқа қызметкерлер» санатына жатады, – деп түсіндірді мәжілісмен. – Сондықтан олардың лауазымдық жалақысы өспейді, ал еңбек демалысының күндері көбеймейді.

Қазақстан Халық партиясы психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы мен еңбек жағдайы қолданыстағы бұйрықтағы талапқа сай емес деп санайды. Депутаттар осы санаттағы мамандардың жалақысын көтеруді, сонымен қатар жыл сайынғы демалыстың ұзақтығын арттыруды ұсынады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy