Мемлекет алимент өндіріп алуға кепілдік бермейді

dep.jpg Үкімет «борышкерлерден толық регрессиялық өндіріп алу кепілдігінің» болмауына байланысты Алимент қорын құруды қолдамады.

Алимент қорын құру бастамасын Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы көтерген болатын. Алимент өндірумен сот орындаушылары айналысуы керек, алайда олар көбінесе міндеттеріне немқұрайлы қарайды. Мұндай қор балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналардың өмірін жеңілдетіп, алимент өндіру мәселесін шешуге көмектесер еді. Бүгінгі таңда алимент сомасы шамамен 13 миллиард теңгені құрайды.

– Бұл мәселені партия алтыншы шақырылымда көтерді, – деп атап өтті Магеррам Магеррамов. – Ол кезде қарыз мөлшері 2 миллиард теңге еді.

Үкімет жағдайдың қиын екенін түсінбеген тәрізді, содан болар Қор құруды орынсыз деп санайды. Бұл ұстанымды заңнамаға сәйкес балаларға қамқорлық жасау мен оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы мен міндеті деген дәлелмен дәйектейді. Шенеуніктердің пікірінше, Қордан алимент алу ата-аналардың мотивациясы мен жауапкершілігін төмендетеді және масылдық қаупін күшейтеді. Бұған қоса Қорды және оның басқару құрылымын қаржыландыру үшін қаражат қажет болады. Ең негізгі аргумент төмендегідей:

– Мұндай Қор қалыптастыру және оны толықтыру борышкерлерден толық регрессиялық өндіріп алу кепілдігінсіз бюджет есебінен жүзеге асырылады, яғни іс жүзінде Мемлекет алимент төлеушілердің алдында өзінің дәрменсіздігін ресми мойындайды.

ҚХП парламенттік фракциясының басшысы, депутат М. Магеррамов Үкіметтің пікірімен келіспейді.

– Бізде зардап шеккендерге өтемақы төлеу Қоры бар, бірақ ешкім оның шығыны көп демейді, – деді мәжілісмен. М. Магеррамовтың пікірінше, мемлекеттік Алимент Қоры қалыптасқан мәселені шешуге мүмкіндік беретін жалғыз механизм.

– Біз масылдық туғызудан қорқамыз ба? Біз жауапкершілігі жоқ ата-аналар мен жеке сот орындаушылары тарапынан әлдеқашан жауапсыздық туғызып қойдық, – деді депутат. – Алимент өндіру – заң талабы, бірақ оны ешкім орындамайды.

ҚХП әлеуметтік осал және толық емес отбасылардың құқығын қорғауды және заң бойынша балаларға төленуге тиісті төлемдерді төлетуге күш жұмсауды жалғастыра береді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy