Мемлекет балалар үйі түлектерінің тағдырына бей-жай қарамауы керек

Жетім балалар есейсе – бар қиындықпен бетпе-бет жалғыз өзі қалады. Жетімдерге тұрғын үй жеңілдіктері берілгеніне қарамастан, оған қолдары жетпей жатады. Қазақстан Халық партиясы мемлекет балалар үйі түлектерінің тағдырына бей-жай қарамауы керек деп санайды.

Еліміздің заңнамасына сәйкес жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға бірінші кезектегі құқыққа ие. Алайда, өкінішке қарай, бұл іс жүзінде жоқ.

– 18 жастан асқан жетім балаларды жұмысқа орналастыру, тұрақты мекен-жайы мен тамақтандыру мәселесіне ешкім бас қатырмайды – деді ҚХП депутаты Гаухар Нұғманова. – Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету де бірінші кезекте болып қала береді.

Негізінде, балалар үйінің түлектері ешқайда кетпейді. Олардың не тіркеуі, не жатақханалары жоқ. Тіпті, жоғары білім беру мен жұмыспен қамту да жолға қойылмаған. Салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасауға мәжбүр болатын сәттер де кездеседі.

– Мұндай балаларды қорғау үшін қажетті заңдар қабылданғанымен, іс жүзінде нәтиже көрсетпей отыр. Жасөспірімдер көшеде сандалып жүр, – деп атап өтті ҚХП депутаты.

Қазақстан Халық партиясы жетімдер мәселесімен мұқият айналысуды ұсынады. Ең алдымен, түлектер саны, кәсіптік білімі мен тұрғын үй мәселелерін саралау керек. Партия 18 жастан асқан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бірыңғай дерекқорын құруды, азаматтардың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді және түлектердің болашақ тағдырын бақылауды (интернаттан кейінгі қолдау) жастар саясаты мәселелері жөніндегі жергілікті басқармаларға жүктеуді ұсынады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy