ҚХП Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Жанат Бастаубаева өңірдің ұстаздар қауымымен кездесті.
Партия өкілі Тараз қаласындағы №51 мектептің ұстаздарына ҚХП сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
– Халық партиясы балабақшалардан бастап халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуді және тегін білім беруді қолдайды. Сондай-ақ, біз дәрігерлер мен медбикелердің, балабақша тәрбиешілері мен күтушілердің, мұғалімдер мен жаттықтырушылардың мәртебесін көтереміз. Балалардың өмірін құтқаратын және тәрбиелейтін барлық мамандарға лайықты жалақы төленуі қажет, – деді Ж.Бастаубаева.
Сонымен қатар ол мемлекет 1-3 бала тәрбиелеп отырған аналар үшін – қолжетімді баспана, ал көпбалалы аналарға – тегін баспана беруі керек деді. Бұл ұсыныс партияның сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген.
– Халық партиясы ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерлерде көпбалалы отбасылар үшін тегін тұрғын үй салудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынады. Бұл қадам қалалардағы көптеген әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде жұмыссыздықты, балабақшалар мен мектептердегі орындардың жетіспеушілігін шешеді, – деді ол.
Кездесу барысында жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. Ұстаздар қауымы спикермен еркін пікір алмасты. Жиын соңында Жанат Бастаубаева тараздықтарды Халық партиясына дауыс беруге шақырды.