«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Үкіметке осындай талап қойды. Бұл туралы фракция жетекшісі Магеррам Магеррамовтың үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтылды.
М. Магеррамов алимент төлеуден жалтаратындар түрлі айлаға жүгінетінін жариялап, салдарынан әйелдер бұрынғы жұбайларынан ортақ балаларының пайдасына алимент өндіре алмайтынын айтты.
– Алимент төлейтін адамды сот орындаушысына, алимент алушыға жұмыс орнының немесе тұрғылықты жерінің өзгергені, сондай-ақ қосымша табысы немесе табыстың өзге түрі бар екені туралы хабарлауға міндеттейтін заңнамалық норма тиісінше орындалмайды¸– деді фракция жетекшісі.
Соңғы дерекке сәйкес қазір өндірісте 273 136 іс бар. Балаларға алимент төлеуден жалтарып жүргендердің берешегі 12,8 миллиард теңгені құрайды. Үш айдан астам уақыт бойы алимент төлемейтіндер бұл істі қасақана жасап жүрген болып саналады. Егер олардың қатарына алимент төлемей жүргеніне бір немесе 2 ай болғандар қосылса, алимент бойынша жалпы берешек сомасы бірнеше есе өседі.
– Біз Үкіметтің өзекті әлеуметтік мәселені шешетіні туралы уәдесін естідік, «алимент төлеудің отыз қадамы» атты арнайы бағдарламаның қабылданғанын білдік, алайда жыл өткен сайын балалардың пайдасына алимент өндіріп алу мәселесі ушығып барады. Біздің партия алғаш рет алтыншы сайланымда алимент өндіріп алу мәселесін көтерді. Ол кезде берешек 2 миллиардты құрады. Бүгінгі таңда берешек 12 миллиардтан асады, – деді М. Магеррамов.
Қазақстан Халық партиясы өндіріп алу кезінде алимент төлеу сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы тиіс деп санайды. Алимент бойынша борышкер кез келген соманы, мысалы, бес мың теңге төлей алатын және ол алимент төлеуші болып саналмайтын әділетсіз тәжірибені алып тастау қажет.
– Біз шетел тәжірибесі бойынша Мемлекеттік алимент қорын құруды талап етеміз. Бұл балаға жасалған мемлекеттік көмек болады. Қазақстанда да қор құру тәжірибесі бар, 2018 жылы «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заң қабылданды, – деп қорытты депутаттық сауалын фракция жетекшісі.