Мүгедектігі бар балаларға арнайы стоматологиялық көмек қажет

Қазақстан Халық партиясы мүгедек адамдардың сапалы медициналық қызмет алу құқығын қорғауды жалғастырып жатыр.

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Магеррам Магеррамов атап өткендей, партия бұған дейін ерекше қажеттілігі бар пациенттерге стоматологиялық көмек көрсету мәселесін бірнеше рет көтерді.

Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігі мәселені шеше алмай отыр. Ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары күні бүгінге дейін мемлекеттік тіс емханаларында «Севрон» анестезиясының жоқтығына шағымдануда.

– Шамасы, Денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктер мүгедектігі бар балалар зардап шекпейді және тіс ауруын сезбейді деп санайды, – деп мәлімдеді ҚХП депутаты.

Жеке клиникаларда «Севронды» қолдану үшін 150-300 мың теңге төлеу қажет. Мұндай қаражат мүгедектігі бар адамдардың ата-аналары мен қамқоршыларында жоқ.

ҚХП депутаттары фторлауды және тісті кәсіби тазартуды, брекет орнатуды және химиялық заттарға қарағанда тез қататын және беріктігі жоғары жарықпен қатаятын пломба пайдалануды қызмет көрсету регламентіне қосуды ұсынды. Алайда ұсыныс жауапсыз қалды.

– Аутизммен ауыратын немесе дамуында іркілісі бар баланы тіс дәрігерінің орындығына отырғызу мүмкін емес, – деп түсіндірді М. Магеррамов. – Баланы бірнеше адам ұстап тұруы керек, бірақ емдеудің бұлл тәсілінің тиімділігі күмән тудырады. Әдетте дәрігерлер мұндай науқастарды анестезиясыз емдемейді.

Тағы бір жүйелі мәселе медициналық жоғары оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсететін мамандарды даярлау жөніндегі модуль жоқ. (Бұл тек тіс дәрігерлеріне ғана қатысты емес!) Дәрігерлерге мүгедектігі бар пациенттермен жұмыс істеу дағдысы үйретілмейді.

– Елде мүмкіндігі шектеулі адамдар жоқ сияқты, – деп түйіндеді сауалды ҚХП депутаты, – Бізде тек нормотиптік адамдарды емдейтін мамандар ғана даярланады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy