Мәжілістің жалпы отырысында ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжан мүмкіндігі шектеулі жандарды зілзала аймағынан эвакуациялау мәселелерін көтерді. Оның пікірінше, мұндай оқыту мүмкіндігі шектеулі барлық адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс.
ТЖМ министрі Юрий Ильин қатысқан отырыста мәжілісмен сейсмикалық қауіпті Алматыда да, басқа қалаларда да төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігін үйрететін арнайы курстар жоқ екенін айтты.
– Мен АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдерде маман болып еңбек еттім. Ондағы мүмкіндігі шектеулі жандар ТЖ кезінде қауіпсіз эвакуациялау жолдарын жақсы біледі, – деп атап өтті ол.
Кейіннен Кенжеғұл Сейітжан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шетелде өткізілетін тренингтер туралы айтты. Мәліметінше, алдымен оларды дереу қауіпсіз шығу жолдарымен, көмек көрсетілетін орындармен таныстырады. Тіпті, өрт кезіндегі эвакуация схемасы Брайль шрифтімен жазылғанын айрықша атады. Ондай жаттығулар мүмкіндігі шектеулі жандарға жиі өткізіліп тұрады дейді депутат.
– Тренингтердің арқасында менде жер сілкінісі, су тасқыны немесе өрт кезінде жүріп-тұрудан теориялық тәжірибем бар, – деп атап өтті мәжілісмен. – Бірақ менің практикалық тәжірибем жоқ.
Кенжеғұл Сейітжан мұндай оқытуды тек мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ғана емес, жұмысшылар, стюардессалар, жолсеріктер, қонақ үй қызметкерлері үшін де жүргізу маңызды екенін айтты.
– Көбінесе, жол саласында еңбек етіп жүрген қызметшілер мүмкіндігі шектеулі адамдарға қалай көмектесуге болатынын білмейді, – деді ол. – Мысалы, пойыздан немесе басқа да қоғамдық көліктерден қауіпсіз түсіру үшін де оқыту керек.
ТЖМ министрі мәселені бақылауға алуға уәде берді. Сонымен қатар, ведомство мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу бойынша арнайы топ құратынын жеткізді. Оған мәжілісмендер де қатысып, өз ұсыныстарын беруге толық құқылы.